Спорт

Владимир Мезевті еске алуға арналған веложарыс

 

 

Ауа райының жаңбырлы болуына қарамастан, спортшылар Архангелька трассасында сап түзеді. Жерлесіміз Иван Поляков бұл спорт түрімен 5 жыл қатарынан айналысып келеді. Ол аталмыш жарыста намысты қолдан бермей, жеңіс тұғырынан көрінуге тырысамыз дейді.

Иван Поляков, велошабандоз, Петропавл қаласы:  

Ауа райы қолайсыз болып тұр. Тас жол велосипедшілерге тайғанақ. Сондықтан  қашықтықты жүріп өту қиынға түсуде. Бірақ бар күшімізді  саламыз.

Доданың алғашқы күні велошабандоздар 20 км  қашықты бағындырулары тиіс. Бұл жолды талдықорғандық велоспортшылар жақсы нәтижемен жүріп өтті.

Әділ Оразбаев, велошабандоз, Талдықорған қаласы:

 -Менің велосипед спортымен айналысқаныма көп болған жоқ. 5-6 ай ғана. Жарыс бізге өте қиын болып тұр. Барған кезде өзімізге жеңіл болсын деп, жеңіл бағдарламамен жүріп отырдық.

Дмитрий Инкин елордамыз Астана қаласының намысын қорғауда. 15 жасар жасөспірім велосипед спортымен 4 жыл бұрын шұғылдана бастаған екен.

Дмитрий Инкин, велошабандоз, Астана қаласы:

Мен спортта Александр Винокуровты пір тұтамын. Мына киімге ол кезінде қолтаңбасын қалдырған. Алда сол сияқты білікті спортшы атанып, «Тур-де Франсқа» қатысқым келеді.

Дүбірлі доданың жарыс жолына республикамыздың 13 қаласынан 125 спортшы шықты. Бүгін бірі берілген арақашықты бағындырып жатса, екіншілері арнайы құрылғыда жаттығуда.

Владимир Парахин, велоспорттан олимпиадалық резервтегі балалар мен жасөспірімдер спорт мектебінің директоры:

-Бұл жолғы дода милиция полковнигі Владимир Мезевтің еске алу құрметіне ұйымдастырылды. Ол спорт шебері нормасын үздік орындап, Қазақстан құрамасына кірген. Ал мына жарыста мықтылар анықталатын болады. Барлық команданың дайындығы жоғары деңгейде.  

Алда спортшылар үшін командалық жүріп өту сынағы тұр. Ал маусым айының 30-шы жұлдызы велошабандоздар жарыстың критериум түрі бойынша өзара мықтыларды анықтамақ.

Әсел Күшенғалиева