Бизнес және экономика

Бизнес бастамаларға қолдау жасалуда


 

Үйлестіру кеңесі «Бизнестің жол картасы» бағдарламасының бірінші бағыты «Жаңа бизнес бастамаларды қолдау» бойынша түскен өтініштерді қарады. «Адель Құс» ЖШС  өндірісті кеңейтуді көздеп отыр. Құс кешенін, қойма мен әкімшілік ғимарат салмақ. Нәтижесінде, кәсіпорынның табысы артып, 5 жаңа жұмыс орны құрылмақшы. Бұл жобаны «Сбербанк» АҚ еншілес банкінің филиалы қаржыландырады.

Иван Терлецкий, «СберБанк» АҚ ЕБ филиалының сектор бастығы:
Жобаның жалпы құны – 138 млн. теңге. Оның 98 млн-ы кәсіпорынның өз қаржысы. 40 млн. теңгені 14 пайыздық үстемеақымен несиеге алды. 2017 жылға дейін несиені өтеуі тиіс.

Кәсіпкер бағдарлама аясында несиенің пайыздық мөлшерлемесін субсидиялауға үмітті. Мемлекеттің қолдауы болса, ол несиенің 7 пайызын ғана төлейді. Сөйтіп, бюджет есебінен кәсіпкердің 6,4 млн теңге қарызы өтелмек. Жобаның тиімділігін ескерген үйлестіру кеңесінің мүшелері оны бекітті. Сондай-ақ олар «М.К.-TRANS» жеке кәсіпкерлігінің жобасын да мақұлдады. Кәсіпорын халықаралық жүк тасымалдау қызметін кеңейтуге ниетті.

Александра Жирнова, «М.К. – TRANS» ЖК есепшісі:
Біз техникалық қызмет көрсету стансасын құруды жоспарлап отырмыз. Жүк көліктерін жөндеу бойынша толыққанды қызмет көрсетілетін болады. Көздегеніміз жүзеге асса, 25 жұмыс орны құрылатын болады.

Айту керек, кәсіпкер енді банктегі несиесін 0,5 пайыздық үстемеақымен ғана өтейтін болады. Осылайша, бұл бағдарлама кәсіпкерлер үшін үлкен көмек болып отыр.

Қайрат Бекенов, облыс әкімінің орынбасары:
-Бүгінгі күні мемлекет кәсіпкерлерге жақсы мүмкіндіктер ұсынып отыр.
Кәсіпкерге 0,5 пайыздық үстемеақымен несиесін өтеуге жағдай жасалған. Енді бұл мемлекеттің қолдауын пайдалану керек. Кәсіпкерлер, банктер белсенді атсалысуы тиіс.

Өңірлік үйлестіру кеңесі бұл жолы кәсіпкерлерден  түскен 10 өтінішті мақұлдады.
 

Айымгүл Әбілева