Денсаулық сақтау

26 маусым – Халықаралық нашақорлыққа қарсы күрес күні


 

Облыстық наркологиялық орталықта психотерапия, физиоқұралдардың көмегімен емдеу , краниоцеребальдық гипотермия сияқты емдеудің тың тәсілдері қолданылады. Заманауи дәрілер мен ем түрлерінің басты ерекшелігі – науқастың ағзасын зақымдамауында. Әр науқасқа жеке емдеу курсы тағайындалады. Оны нарколог- дәрігер белгілейді.

 Раушан Баймағамбетова, облыстық наркологиялық орталықтың нарколог дәрігері:
Біріншіден уытсыздандыруды өткіземіз. Содан кейін психикалық жағдайын қараймыз. Қалпына келтіру емдерін қабылдау үшін Павлодар қаласына арнайы квота бойынша жіберіледі.  

Қазіргі таңда өңірімізде маскүнемдікке және нашақорлыққа шалдыққандар саны 11 мыңға жетіп отыр. Олардың 70 пайызы облыс орталығының тұрғындары. Әлеуметтік-тұрмыстық жағдайдың нашарлығы, еліктеу, жағымсыз ортаға тап болу. – мұның бәрі адамдарды есірткіге тәуелді етуі мүмкін дейді мамандар.

Берік Ыбыраев, облыстық наркологиялық орталықтың бас дәрігері:
Маскүнемдікке шалдыққандардың  жасы 30-дан басталады. Ал есірткіге тәуелді адамдар  20-40 жас шамасында. Қазіргі таңда облыс бойынша 888 нашақор есепте тұр. Стационарда 85 адам ем қабылдайды.  

Нашақорлық – қоғамның дерті. Бұл індеттің алдын алуға да ерекше көңіл бөлінеді. Бір кездері адасып, кейін  тура жолға түскен еріктілер жасөспірімдерді бұл індетпен күресуге шақырады. Десек те наркологиялық орталыққа   түсетіндер аз емес. Олардың дерттен айығуының басты кепілі емделуге деген құштарлығы болмақ.

Инеш Шоқақова