Білім

Ұстаздар Кембридж бағдарламасы бойынша білім жетілдірді



 

Қазақстанның 17 қаласынан 3278 мұғалім 3 айлық даярлық курсынан өткен. Сөйтіп, білімдерін сынап көру мақсатында олар Кембридж университеті және «Назарбаев зияткерлік мектептері» бірлесе әзірленген бағдарлама бойынша емтихан тапсырды. Біздің өңірден курстарда білімін жетілдіру мүмкіндігіне 110 мұғалім ие болған. Мөлдір Алтынбекова Ғ.Мүсірепов ауданының №2 Новоишим орта мектебінде қазақ тілі мен әдебиетінен сабақ береді екен. 11 жылдық еңбек өтілі бар ұстаз мұндай курстар Қазақстанның білімді азаматтарын тәрбиелеуде пайдасы мол екенін айтады.

Мөлдір Алтынбекова, Новоишим №2 орта мектебінің қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі:
– Елбасымыздың қолдауымен 3 айлық курсты игердік. Бүгін барлықтарымыз тапсырамыз деп ойлаймын. Мұндай курс біздің ел үшін маңызды. Осы курс менің тәжірибем үшін де маңызды.

Оқытушыларды даярлық курстарынан өткізу үшін үстіміздегі жылы педагогикалық шеберлік орталығы 286 жаттықтырушыны әзірлеген екен. Мұғалімдер 90 сұраққа жауап беруде. Ұстаздардың біліктілігін еліміздің түкпір-түкпірінен келген сарапшылар 2 апта бойы бақылауда.

Манарбек Мұхамедияров, емтиханның өту барысын бақылаушы, Астана қаласы:
– Емтихан 90 минутқа созылады. 38 сұрақтан тұрады. Оның ішінде дұрыс жауабы 50. Сұрақтардың барлығына жауап берген мұғалім 50 ұпай жинайды. Ең төмен дегенде 25 ұпай жинау керек.
 

Бірлесе жасалған бағдарлама 3 кезеңнен тұрады. Биыл солтүстікқазақстандықтар 1-ші сатыдан өтіп, жалақыларын 30 пайызға өсіруге мүмкіндік алды. Қиындықтың көбі артта қалғанмен, емтиханның жауаптары тек 28 күннен кейін белгілі болады. Себебі жауаптар Кембридж университетіне жіберіледі.

Гүлбану Ахметова