Аптадағы маңызды жаңалықтар

“Ақ бұлақ” бағдарламасы жүзеге асырылуда

 

 

9 жылға жоспарланған «Ақ бұлақ» бағдарламасы өткен жылы жүзеге асырыла бастады. Осы уақыт аралығында өңірдегі 10 елді мекенге су тартылып, бесеуіндегі су тарату желілері жақсартылған. Оның арқасында 45 мыңнан астам адам таза ауыз сумен қамтылыпты. Аталмыш бағдарлама аясында үстіміздегі жылға жоспарланған жұмыс көлемі де ауқымды.

Серік Біләлов, СҚО әкімі:
-Үстіміздегі жылы 17 сумен қамту нысанын салуға және қалпына келтіру жұмыстарына 6 млрд теңге қаражат бөлініп отыр. 14 елді мекен мен 6 ауылдағы су тарату желілері жөнделмек. 30 мыңнан астам тұрғын таза ауыз суға қол жеткізетін болады.

«Есіл су» РМК 2678 шақырым магистральды су тарту және тарату желілері үшін жауапты. Кәсіпорын 196 мыңнан астам тұрғыны бар 208 елді мекенге тіршілік көзін жеткізеді. Сумен қамтудың негізгі торабы – Булаев, Есіл, Преснов және Соколов топтық су тарату желілері. Олардың дені 40-50 жыл бұрын салынған құбырлар. Сондықтан күндердің  күнінде сыр беріп, апаттық жағдай туғызуы да мүмкін дейді «Есіл су» РМК директоры Мейірбек Егенов.

Мейірбек Егенов, «Есіл су» РМК директоры:
– Булаев топтық су құбырының ұзындығы 2635,5 шақырым. Қалпына келтіру жұмыстарына дейін біз 137 елді мекенге қызмет көрсеткен болатынбыз. Енді олардың саны 43-ке артты. Ал Преснов топтық су құбырының ұзындығы 1262,4 шақырым.  

Жөндеуге дейін 27 елді мекен қамтылса, енді таза ауыз су жеткізілетін ауылдардың қатары 107-ге жетті. Оның 37-сіне тіршілік көзі ұңғымалар арқылы жеткізілетін болады.

Серік Ибраев, Жамбыл ауданының әкімі:
– Бізге Троицк ауылына Есіл топтық су құбыры келеді.
Троицкіден Пресновкаға дейін жеткізілсе, Айымжан, Железное, Казанка, Новорыбинка, Миролюбово селолары да сапалы ауыз суымен қамтылмақ. Сонымен қатар қолданыстағы су желілерін қалпына келтіруге де ерекше көңіл бөлудеміз.

Бұл жұмыс барлық аудандарда қолға алынған. Жиынға қатысқан су ресурстары комитетінің төрағасы Ислам Әбішев құбырлардың сапасы мен оларды орнату технологиясын сақтауға ерекше ден қою қажеттігін атап өтті.

Ислам Әбішев, ҚР АШМ су ресурстары комитетінің төрағасы:
Сіздердің өңірлеріңізде сапалы құбырлар мен құдықтар шығара алатын зауыттар баршылық. Осыған көңіл бөлу қажет. Және де мердігер ұйымдардың жұмыстарын жіті қадағалау керек. Тіпті олар өз жұмыстарын таспаға түсіріп көрсетулері тиіс.

Ислам Әбішев бұл  құбырларды орнату әдісінің қаншалықты сақталғандығын қадағалауға мүмкіндік береді деген сенімде.

Инеш Шоқақова