Спорт

Президенттік көпсайыстан ел чемпионаты аяқталды



 

Вячеслав Макушенко – бірнеше республикалық, халықаралық жарыстарға қатысып жүрген жас атлет. Түркияда өткен әлем чемпионатында Вячеслав еліміздің намысын қорғап, 10-шы орында тұрақтаған. Ал былтыр ол мектеп және колледж оқушылары арасында өткен додаға қатысып, алтын медаль иегері атанған. Биыл да спортшы осы тұғырдан түспей, кросстан өзінің жекелей рекордын орнатқан.

Вячеслав Макушенко, президенттік көпсайыстан алтын алқа иегері, Қостанай қаласы:

Жарыс жоғары деңгейде өтті. Қарсыластарым да осал болған жоқ. Дегенмен, жаттықтырушымның үмітін ақтап, бірінші орынды иелендім. Сонымен қатар, кросста өзімнің жеке рекордыма қол жеткіздім.


Аян Жақсылықов – өңірімізді шетелге танытып жүрген спортшы. Аян әлем чемпионатында үздік үштік қатарына енді. Ал бұл жолғы спартакиадада жерлесіміз өңір қоржынын қола алқамен толықтырды. Оған спорт шеберлігі дәрежесін алуға 8 ұпай ғана жетпей қалды.

Аян Жақсылықов, президенттік көпсайыстан қола алқа иегері, Петропавл қаласы:

– Былтырғы жылы мен 4-ші орынды иеленгенмін. Ал биыл жаттықтырушыммен бірге жыл бойғы тынымсыз еңбегіміздің арқасында қола медальды иелендім. Алда Қазақстан чемпионатына бару ойда бар.

Жылдан жылға спортқа ден қоюшылардың қатарымен бірге шеберліктері де артып келеді деген ойда жазғы   спартакиаданы ұйымдастырушылар.

 Василий Кнышев,жазғы президенттік көпсайыстан ҚР бас жаттықтырушысы:

-Көш басында келе жатқан спортшыларымыздың нәтижелері жылдан-жылға өсіп келеді. Алдағы жарыстарда біздің жеткіншектер ресейліктермен бәсекеге түсе алады деп ойлаймын. Барлық спортшыларды спартакиаданың жабылуымен құттықтаймын.

Үш күнге созылған тартымды спорттық шараның жалпыкомандалық қорытындысында жерлестеріміз алтынды алқаласа, Қостанай қаласының құрамасы мақтануға тұрарлықтай нәтижеге қол жеткізіп, екінші орында тұрақтады. Ал үздік үштікті Павлодар қаласының спортшылары тұйықтады.

Әсел Күшенғалиева