Билік

Айыппұлдар бюджетке уақтылы түсуі керек



 

Облысымызда айыппұлдарды мемлекет пайдасына өндіріп алу көрсеткіші әлі де төмен. Бірінші жартыжылдықтың аяқталуына аз-ақ уақыт қалды. Жақын арада 3 млрд теңгеден астам  борышты қайтару міндеті тұр. Прокурорлар тиісті шаралар орындалып жатқандығын айтуда. Мәселен «Бюджеттің толығуы – тұрақтылық кепілі» акциясы арқасында мамырдың 18-і  – маусымның 5-і  аралығында 51,6 млн теңге айыппұл төленіпті.

Ербол Торсықбаев, СҚО прокуратура басқармасының аға прокуроры:
-Борышкерлердің көбі сотталғандар. Мәселен, 192- баб, яғни «Алаяқтық», бойынша 8 орындаушылық өндіріс тіркелген. Олардың қарызы 1,2 млрд теңгені құрайды. Бұл борыштың жалпы сомасының 34 пайызы.

Айыппұлдардың уақытылы төленбеуі сот орындаушыларына да байланысты. Сондықтан жиында сапалы кадрлар мәселесі де қозғалды. Оның түйінін тарқату үшін аға прокурор Ербол Торсықбаев Петропавл құрылыс-экономикалық колледжінде сот орындаушыларды дайындайтын бөлім ашуды ұсынды. 2012 жылдың 1 қаңтарында облыстық сот актілерін орындау департаментінде жалпы сомасы 190 млн теңге болатын 21 993 әкімшілік айыппұлды төлету құжаты жатқан.

Динара Тащегулова, СҚО сот актілерін орындау департаментінің аға сот орындаушысы:
-2012 жылғы қаңтардың 1-нен маусымның 15-не дейін сот актілерін орындау департаментінің аумақтық бөлімдеріне 17 мыңнан астам құжат түсті. Осыған сәйкес 200 млн теңгеден астам қаржы мемлекетке төленуі тиіс. Департаментте тіркелген өндіріс орындарына қатысты 65 мың құжат келіп түсті. 39 мыңы әкімшілік айыппұл. Оның жалпы сомасы 400 млн теңгені құрады.

Әзірге 8500 құжат негізінде 60 млн теңгеден астам айыппұл өндірілді. Борышты қайтаруға кедергі болып отырған мәселелердің бірі аудандық атқарушы органдардың сот орындаушылармен бірлесіп жұмыс істемеуі. Мәселен Қызылжар, Тимирязев, Ақжар, Тайынша, Шал ақын, Ғ. Мүсірепов аудандарында тиісті шаралар жүргізілмеген көрінеді.

Бас қосуда республикалық және облыстық бюджеттердің толық игерілмеуі жайлы да сөз болды. Бұл ретте де бірқатар аудандарда олқылықтар табылған. Облыс әкімінің бірінші орынбасары Айдарбек Сапаров бұл мәселені тез арада шешуді тапсырды.

Айдарбек Сапаров, облыс әкімінің бірінші орынбасары:
-Облыс әкімі тапсырған жиындар бір ауданда да өтпеген. Оның нәтижесін бүгін көріп отырмыз. 5 күннің ішінде 944 млн теңгені жинап үлгереміз деп ойлайсыңдар ма?!
Ол үшін күні-түні жұмыс істеу керек шығар. Мемлекеттік, облыстық бюджеттен сіздерге қаржы бөлінеді, сіздер оны дұрыс игермейсіздер. Осыған орай аудандардың және қаланың әкімдеріне бюджеттік заңның сақталуын бақылауға алуды, облыстық және аудандық бюджетке төленуі тиіс қаржының дер кезінде өтелуін қадағалауды тапсырамын. Республикалық, облыстық қазынадан бөлінген қаржының дұрыс игерілуін де назардан тыс қалдырмаған жөн.

Айдана Демесінова