Қоғам

«Нұр Отан» ХДП СҚОФ Саяси кеңес бюросының отырысы



 

2011 жылы “Жұмыспен қамту-2020” бағдарламасы бойынша 585 адам кәсіби оқуды аяқтап, 512-сі жұмысқа орналасқан. Яғни 87 пайызы еңбекпен қамтылды дейді СҚО жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасы бастығының орынбасары.

 Сергей Яковенко, СҚО жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасы бастығының орынбасары:
– Үстіміздегі жылы бағдарлама бойынша 1018 адам жұмысқа орналасты. 282 адам «Жастар практикасы» бағдарламасының жемісін көруде. Әлеуметтік көмектің бұл түрін алатындар легі шілде айында, студенттер диплом алған кезде арта түспек.  

Аспазшы, электрші, дәнекерлеуші, шаш үлгісін жасаушы. Міне, осы мамандықтар жұмыс берушілер тарапынан зор сұранысқа ие. Аталмыш бағдарлама бойынша белгілі бір мамандықты меңгеріп, еңбек нарығында сұранысқа ие болмайтындар да бар. Оларға берілетін білімнің сапасы да маңызды рөл атқарады. Мемлекеттік емтихан комиссиясы құрамына жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының мамандары енбейтін көрінеді. Облыс әкімі мұндай олқылықты жоюды тапсырды.

Серік Біләлов, СҚО әкімі:
– Мемлекеттік комиссия құрамына «Нұр Отан» ХДП өкілі мен жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының маманын енгізуді тапсырамын. Аталмыш бағдарлама бойынша оқитын азаматтардың білім сапасы жоғары болуы тиіс. Өйткені біздің міндетіміз – оларды жұмысқа орналастыру ғана емес, сол жұмыс орнында тұрақты қызмет етуіне жол ашу.  

Сондай-ақ экономикалық даму әлеуеті төмен шағын ауыл-селолардан болашағы бар елді мекендерге көшетін жанұяларға мемлекет қазынасынан 15 млн теңге қаражат бөлініп отыр. Алайда оның 1 млн 247 мыңы игерілмеген. Кейбір аудандарда тұрғындар игілігіне тапсырылатын үйлердің сапасы көңіл көншітерлік емес. Бұл орайда өңір жетекшісі Ақжар ауданындағы партиялық бақылау бекетінің жұмысын сынға алды. Бұдан соң партияның сайлауалды тұғырнамасы мен жарғысының орындалуы жайлы облыстық мәслихат хатшысы Қайырлы Едіресов есеп берді. Жыл басынан депутатқа тұрғындар атынан 32 өтініш түсіпті.

 Қайырлы Едіресов, облыстық мәслихаттың хатшысы:
– Тұрғындарды негізінен жолдарды жөндеу, ұялы телефон байланысын орнату мәселелері алаңдатады. Біз ол мәселелерді шешуге барынша тырысудамыз.

Жиында «Нұр Отан» ХДП СҚОФ жанындағы сыбайлас жемқорлықпен күрес жөніндегі қоғамдық кеңестің жаңа төрағасы таныстырылды. Серік Алмолдинның орнына облыстық мәслихат депутаты, «Мұнай-газ жабдықтары конструкторлық бюросы» серіктестігінің директоры Марат Омаров тағайындалды. Жемқорлықпен күрес бағытында жүргізген жұмыстары жайлы аудандық филиалдардың өкілдері де есеп берді.

 Виктор Редин, «Нұр Отан» ХДП Қызылжар аудандық филиалының төрағасы:
-Ауданда жемқорлықпен күрес мәселесіне ерекше көңіл бөлінеді. Әр тоқсан сайын комиссия отырысы өткізіледі. Онда індеттің алдын алу шаралары талқыланып, бірқатар жұмыстар жоспарланады.  

Алайда бұл жұмыстарды кімнің атқарғандығы белгісіз. Өйткені Қызылжар ауданында 1 жыл бойы жемқорлықпен күрес жөніндегі қоғамдық кеңестің төрағасы болмаған.  Бұл үшін «Нұр Отан» ХДП Қызылжар аудандық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Арман Бердағұловқа сөгіс жариялау ұсынылды. Оған аталмыш олқылықтарды жоюға тамыз айына дейін уақыт беріліп отыр. Жиын соңында бірқатар солтүстікқазақстандыққа партия мүшесіне наградалар табысталды.

Инеш Шоқақова