Бизнес және экономика

«Алекри» ЖШС мерейтойы



 

Тәуелсіз Қазақстанда құрылған “Фирма Алекри” ЖШС құстың үш түрін ұстайды. Фабрикада бүгінде 8 кешен жұмыс істейді. Оның 6-да 495 мың тауық өсіріледі. Өзге 2 өндіріс қойма мен балапан бағатын қора . Құс фермасы енді бір тың жобасымен мақтана алады. Өндіріске барлық құс қораларын байланыстыратын орталық жұмыртқа тасымалдағыш жүйе ендірілді. 360 метрлік “Анаконда” атты германдық жаңашылдықты облыс әкімі Серік Біләлов іске қосты. Автоматты машинадан сағатына 56 мың жұмыртқа бірден сұрыптағыш қоймаға өтеді. Осы арада бүлінген, саудаға жарамсыз жұмыртқаларды сәуле арқылы еш қиындықсыз анықтайтын арнайы құрылғы бар.

Александр Прядко,  “Фирма Алекри” ЖШС директоры, Қызылжар ауданы:
– Қоймаға жұмыртқаны өзі жеткізетін қондырғының құрылысы аяқталғалы жұмысымыз жанданды. Оның толық құрылысына 2,5 млн доллар жұмсадық. Қаржының бір бөлігін мемлекеттің көмегімен субсидия ретінде алдық. Енді жылына кемінде 100 млн дана жұмыртқа өндіруді көздеп отырмыз. Күніне орта есеппен 300 мың жұмыртқа шығарамыз.

Құс фермасындағы құрылғылардың 80 пайызы жаңартылған. Серік Біләлов мұндағы бар техникалық мүмкіндіктермен таныс болғасын серіктестіктің мерейтойлық салтанатына қатысты. “Фирма Алекри” ЖШС Қазақстан нарығын жұмыртқамен 35 пайызға қамтамасыз етеді екен. Аймақ басшысы еңбегімен ерекшеленген қызметкерлерге құрмет грамотасы мен алғыс хаттар табыс етті. ҚР құс қауымдастығының марапаттары да өз иелерін тапты. Серіктестікте 9 жыл бойы табанды еңбек етіп келетін Любовь Нагорная құрметті қызметкер атанды.

Любовь Нагорная, “Фирма Алекри” ЖШС:
– Жұмыртқаларды қолмен жерден жинап жүрген кездеріміз болды. Бүгінде бар шаруаны құрылғылар жасайды. Ұзақ жылғы еңбегімнің бағаланғанына алғысымды білдіремін.  

Серіктестік сондай-ақ жер өңдеу, техника жөндеу және құрылыспен де айналысады.

Жеңіс Ермұқанов