Қоғам

Ел қорғаған ерлер рухына тағзым

 

 
Мәңгілік алауға күрсініп қарап тұрған аға толқынның өткен өмірінде сұм соғыстың ауыр жылдары жатыр. Екі ғасырдың куәсі болған қариялар сонау алыстағы сұрапыл сәттерді еске алып тұрғандай. Бұл кезең олардың есінде мәңгі сақталып қалды.

Степан Башкиров, Ұлы Отан соғысының ардагері:

– Біздің үйде 4 бала болды. Мен ең үлкенімін. Әкем соғысқа аттанған соң отбасына мен жауапты болып қалдым. Мектепті тастап, зауытқа жұмысқа кірдім. Одан 1943 жылы әскерге алынып, Польша, Чехословакия және Германия жерінде шайқастарға қатыстым.

Андрей Михиннің де 93 жастағы ардагер атасы бар екен. Жас жігіт майдангерлер рухына тағзым етуді борышы санап, шырақ жағуға келді.

Андрей Михин, “Жас Отан” ЖҚ мүшесі:

– Менің ұлы атам фашистерге бірінші болып тойтарыс бергендердің қатарында. Ол сол кезде Польшаның шекарасында әскери міндетін атқарыпты. Атамды мақтаныш тұтамын, қалай шайқасқаны туралы жиі айтып тұрады.

Соғыс оты СҚО-н шарпыған жоқ. Бірақ, қан майданмен солтүстіказақстандықтар  тығыз байланысты болды. Жерлестеріміз фашистерді жеңу үшін әскерге 4 жыл бойы көмек ретінде техника, азық-түлік және киім-кешек жіберіп тұрды. Бұл жылдары ешкімге де оңай болған жоқ. Ауыртпашылықты барлығы бірге көтерді. Тарихи деректерге сүйенсек, 41-ші жылдың маусымында Солтүстік Қазақстан облысы бойынша майданға бару туралы 926 адам ниет білдірсе, соның 363-і нәзік жандар екен. Жер-жерде ер азаматтар қару ұстауға үйретіліп, әйелдер әскери-санитарлық істі оқыған. Соғыстың алғашқы жылдарында майдан даласына 70 мыңнан астам адам жіберілген. Ал, 34 мың жұмыскер тылда еңбек етіпті. Жасұлан Құдабаев менің балалық шағым ерте аяқталды дейді. Қабырғасы әлі қатаймаған 11 жасында өгіз жетектеп, ауыр жұмыс істеген.

Жасұлан Құдабаев, Ұлы Отан соғысының ардагері:  

– Ауылда бір ер адам қалмады. Балалар қысы-жазы малға шөп шаптық, егін септік. Қыстыгүні Петухово деген стансаға өгізбен астық тасып, майданға жіберетінбіз.

Нина Можаровскаяның да балалық шағы ерте кесілді. Тыл еңбеккерінің жүрегіне соғыс терең жара салғаны анық. Ол сол кезді көзіне жас алып еске алады.

Нина Можаровская, тыл еңбеккері:

–  Мен әкемді соғысқа аттанғаннан кейін көрген жоқпын. Бүгінгі шырақты әкеме және ел үшін жанын пида еткен ер азаматтарға жақтым. Енді, соғыс деген сөзді естімейікші деп тілеймін.

Жауынгерлер рухына шырақ жағу шарасы бүкіл ТМД көлемінде өтуде.

Данаш Хамзина