Білім

Білім басқармасының алқа отырысы

 

 

Облыстық білім басқармасы алқасының отырысы ҰБТ-ді қорытындылаумен басталды. Биыл 3151 түлек тестілеуге қатысуға ниет білдірген. ҰБТ тапсырғандардың қатары былтырғы жылы 70 пайыз болса, биыл 61,1 пайызды ғана көрсетіп отыр. Солтүстік Қазақстан облысының түлектері биылғы жылғы Ұлттық бірыңғай тестілеуде республика бойынша Алматы, Астана және Ақтөбеден кейін төртінші нәтиже көрсетті.

 Нұрболат Бикенов, СҚО білім басқармасы бастығының орынбасары:

– Осы екі қаланы санамаған кезде біз екінші орында тұрмыз. Бұл өте жақсы көрсеткіш деп ойлаймын.

Десе де былтырғы жылмен салыстырғанда ҰБТ нәтижесі әлдеқайда төмендеген. Өткен жылы оқушылардың білім деңгейі 88 пайыз құраса, ағымдағы жылы 78-ді көрсетіп отыр.
Биыл 127 «Алтын белгіге» үміткердің 35-і ғана білімін растаған. Бірыңғай тестілеу қорытындысы бойынша өңірде облыстық дарынды балаларға мамандандырылған қазақ-түрік мектеп-лицей интернаты мен 102,9 ұпай жинаған «ЛОРД» лицейінің түлектері ең жоғары нәтиже көрсеткен. Ал аудандық мектептердің арасында Аққайың ауданы жоғары көрсеткішке ие болған. Олардың орташа балы – 84,9.

Бақытжан Омаров, облыстық дарынды балаларға мамандандырылған қазақ-түрік мектеп-лицей интернаты директорының міндетін атқарушы:  

– Биыл мектебімізді 43 түлек бітірді. Солардың барлығы ҰБТ-ға қатысып, орташа балл 106,2 жинады. Оқушыларымыз өз білімдерін дәлелдей білді. Өткен жылы 112,7 ұпай жинағанбыз, дегенмен басқа мектептермен салыстырғанда өте жоғары ұпай жинадық.

Алқа мәжілісі барысында сонымен қатар кәсіптік-техникалық білім мекемелеріндегі тәрбие және оқыту үдерісі туралы да мәселе қаралды. Бұл ретте Ғ.Мүсірепов ауданындағы №11 кәсіптік лицейде көптеген жұмыстар атқарылуда. Қазіргі таңда лицейде 137 шәкірт білім алуда.

Асхат Нұрымов, №11 кәсіптік лицей директоры, Ғ.Мүсірепов ауданы:

– Жыл басында бізге оқуға түскен әрбір оқушының психологиялық картасын құрамыз. Әлеуметтік ұстаз әрбір шәкіртпен тәрбие жұмысын жүргізеді. Оқу орынында 3 жыл білім алып, фермерлік шаруашылықта  трактор жүргізушісі және аспаз мамандықтарын игеріп шығады.  

Жиында сонымен қатар оқу орындарының жылыту маусымына дайындықтары да қарастырылды.

Әсел Күшенғалиева