Денсаулық сақтау

Петропавлда “Ерлер денсаулығы күндері” өтті



 

Александр Сидоров өз денсаулығы үшін алаңдайтындардың қатарында. Ол 17 жыл бойы дәрігерлермен тығыз қарым-қатынастамын дейді. Дәл осынша уақыт бұрын 1-ші инфаркты бастан кешіріпті.

Александр Сидоров:
4 инфаркт болып, жүрегіме ота жасалды. Сондықтан денсаулығыма өте көп көңіл бөлемін. Бұл өте жақсы бағдарлама. Кешеден бері аурухананың іші адамға лық толы.

Ахмет Максютов та «Ерлер денсаулығы күнінің» ұйымдастырылатынын ести сала ауруханаға асығыпты. Кешенді түрде дәрігерлерге тексерілу мүмкіндігі күн сайын туа бермейді дейді ол.

Ахмет Максютов:
Мен бұл бағдарлама жайлы БАҚ-нан білдім. Бірден тексерілуден өтуді ұйғардым. Оның үстіне бәрі тегін түрде.

2 күн ішінде солтүстікқазақстандықтар кардиолог, эндокринолог, андролог, уролог мамандарына қаралды. Алматы қаласының урология ғылыми орталығының балалар урологы Қайрат Қабдолдин барлық дерттер бала кезден басталады. Сондықтан ауруды ертеректе анықтау қажет деген пікірде.

Қайрат Қабдолдин, Б. Жарбосынов атындағы урология ғылыми орталығының маманы:
Зәрағар жүйесінің бұзылуы, су бүйрек, қуықтың нерв жүйесінің бұзылуы. Сондай туа біткен аурулар көп. Оларға дер кезінде диагноз қою қиын.  

Сондықтан бұл мәселенің талқылайтын тұстары жетерлік. Олар «Урологиялық ауруларды анықтау және емдеудің маңызды мәселелері » атты конференция барысында сөз болды. Ерлердің денсаулығын жақсартуға бағытталған мұндай ауқымды бағдарлама 4 жыл бұрын бастау алған болатын. Дәрігерлер барлық өңірлерді аралап үлгеріпті.

Инеш Шоқақова