Билік

Облыстық мәслихат сессиясында еліміздегі тұңғыш «KAZAGRO TV» аграрлық телеарнасының жобасы таныстырылды


 

Ең алдымен депутаттар алдында 2011 жылғы облыстық бюджеттің орындалуы туралы СҚО қаржы басқармасының бастығы Ескен Әкімжанов есеп берді. 2011 жылы облыстық бюджет 7 рет нақтыланған болатын. Бекітілген бюджетпен салыстырғанда кірістер 10 млрд 515 млн 448 мың теңгеге артыпты. Әлеуметтік саланы дамытуға 23,1 млрд теңге бағытталыпты. Бұл облыстық бюджет көлемінің 51,3 пайызы.

Ескен Әкімжанов,  СҚО қаржы басқармасының бастығы:
– Облыстық бюджет түсімдерінің жалпы көлемі 2010 жылмен салыстарғанда 10 млрд 116 млн 372 мың теңгеге өсті. Яғни 13,6 пайыз. Салықтық түсімдер 9 млрд 301 млн 385 мың теңгені құрады. 2011 жылы түсімдер бойынша жоспар 14,2 пайызға өсті.  

Білім беру, денсаулық сақтау, инженерлік-коммуникацияларды дамыту және «Бизнестің жол картасы -2020» бағдарламалары бойынша қаражат толықтай игерілмеген. Бұл бюджеттің дұрыс жоспарланбауына байланысты дейді тексеру комиссиясының мүшелері. Депутаттар есепті бірауыздан қолдады. Келесі мәселе – СҚО-ның индустриялдық-инновациялық дамуы.
Индустрияландыру бағдарламасына Қызылжар, Ақжар, Тайынша аудандары ғана қатысып отыр. Шал ақын, Мамлют, Уәлиханов аудандарында әлі бір де  бір жоба жоқ. Тотыкамал Құлжанованың есебін де депутаттар бірауыздан қолдады. Сессияға Есіл ауданы № 5 сайлау округының депутаты Юрий Шоль өзінің депутаттық сауалымен келіпті. Оны Покровка-Ильинка   автожолының мүшкіл жағдайы алаңдатып отыр.

 Юрий Шоль, Есіл ауданы № 5 сайлау округының депутаты:
– Бұл автожол жөнделмеген. Автобус аялдамаларының да жағдайы мәз емес. Тас жол жарылып, елден-елге қатынау мүлдем қиындаған. Тұрғындарды осы мәселе алаңдатып отыр.

Депутаттың бұл сауалы бойынша 12 маусым күні арнайы жұмыс тобы құрылған болатын. Олар да Юрий Шольдың сөзіне дәлел тапқан.

 Бейбіт Исманов, СҚО жолаушылар тасымалы және автомобиль жолдары басқармасының бастығы:
– “Покровка-Мектеп” жолының ұзындығы 60 шақырым. Оның Покровка-Ильинка 28 шақырым тас жолы облыстан және 32 шақырымы ауданнан өтеді. Біз Жезқазған-Петропавл республикалық жолына шығатын жаңа көпір салу қажет деп ойлаймыз.  

11 ауылды аудан және облыс орталықтарымен байланыстырып тұрған жолды жөндеудің маңыздылығын облыс әкімі атап өтті.

Серік Біләлов, СҚО әкімі:
– Жарғайың ауылынан Николаевка ауылына дейін көпір салу қажет. Ал жолды толығымен жөндеуге байланысты республикалық бюджеттен қаражат бөлуді сұрамақпыз. Бұл өте маңызды мәселе.

Жиында еліміздегі тұңғыш спутниктік аграрлық телеарнаның жобасы ұсынылды. Ауыл шаруашылығы саласындағы жаңалықтарды қамтитын арнаны республикамен қоса көршілес елдердің де көрермендері тамашалай алмақ. Тың жоба «Муниципалдық телеарна» негізінде жасалатын болады.

Евгений Сазанов, «Муниципалдық телеарна» ЖШС директоры:
– Ел азаматтарының 7 млн -нан астамы– ауыл тұрғындары. Біздің арна солардың тыныс-тіршілігін қамтымақ. Кешендік ақпараттық ресурстың құрамына телеарна мен «KAZAGRO TV» интернет порталы енетін болады.

Өңір жетекшісі ұсынысты қолдады. Енді бұл мәселеге байланысты Ақмола және Қостанай облыстары әкімдерімен әріптестік орнату қажет деді аймақ басшысы.

Инеш Шоқақова