Түлектер құжаттарын тамыздың 25-не дейін тапсыра алады. ЖОО-ның студенті атану үшін ҰБТ-ден 50 ұпайдан жоғары жию шарт. Ал шілденің 23 – 31 аралығында мемлекеттік гранттар тағайындалмақ. Тегін білім алу мүмкіндігіне ие болған түлектердің есімдері тамыздың 10-ы анықталады. Өткен жылы мектеп бітірген түлектер мен орта кәсіби білімі бар жастар да ЖОО-на түсе алады. Дегенмен олар шілденің 17- 23 аралығында кешенді тестілеуден өтуі тиіс. Қабылдау комиссиясының жұмысы тамыздың 25-не дейін жалғаспақ.
Жангелді Сейтзадин, М.Қозыбаев атындағы СҚМУ қабылдау комиссиясының жауапты хатшысы:
-Шілденің 9-на дейін кешенді тестілеуден өтуге ниеттенгендердің құжаттары қабылданады. Шығармашылық бағыттағы мамандықты таңдаған талапкерлер арнайы шығармашылық емтихан тапсырады. Бізде мұндай мамандықтар 5: музыкалық білім беру, журналистика, дизайн, алғашқы әскери дайындық және дене шынықтыру. Өтініштерді маусымның 20-нан шілденің 1-не дейін тапсыруға болады. Ал шығармашылық емтихандар шілденің 2– 7 аралығында өтеді.
Айдана Демесінова