Құқық қорғау органдары

ҚР Генералдар кеңесінің мүшесі Михаил Баранов Петропавлда әріптестерімен кездесті

 

 

Михаил Баранов еңбек өтілінің 37 жылын еліміздің ішкі істер органдарына арнапты. 1959 жылы Алматы милиция мектебіне түсіп, оны үздік аяқтаған. Мінсіз қызметінің арқасында аз уақыттың ішінде қатардағы инспектордан аға тергеуші міндетіне дейін көтерілді. 1984 жылы СҚО ІІБ бастығы қызметіне тағайындалып, 10 жыл бойы өңіріміздің қоғамдық қауіпсіздігін қамтамасыз еткен.

Николай Сергеев,СҚО ІІД бастауыш ардагерлер ұйымының төрағасы:
– Маған Михаил Ивановичтың қол астында қызмет ету бақыты бұйырды деп мақтанышпен айта аламын. Дарынды қолбасшы болды. Оның бастамасымен облыстағы қоғамдық қауіпсіздік біршама түзеліп қалды. Тәртіп сақшыларының дәрежесі көтеріліп, қызметтік баспаналар салынды. Ішкі істер органдарының ғимараттары жаңартылып, материалдық-техникалық база нығайды.

Тәжірибелі басшы кейін ҚР Жоғарғы кеңесінің қоғамдық қауіпсіздік Комитеті төрағасының орынбасарлығына шақыртылды. Араға бір жыл салып, Президент әкімшілігінің рақымшылық бөлімін басқарды. 70-ң бесеуіне келіп қалған зейнеткер құрметті демалыста да өмірлік ісінен алыстамады. Бүгінде ҚР генералдар кеңесінің мүшесі. Қоғамдық тәртіп күзетінде қылмыспен табанды күрескен Михаил Иванович “Еңбек Қызыл Жұлдыз” орденімен, 20-ға тарта медаль, кеуде бенлгілерімен марапатталған.

Михаил Баранов, ҚР Генералдар кеңесінің мүшесі:
– Солтүстік Қазақстанда менің кәсіби біліктілігім шыңдалып, тәжірибелі басшы болып қалыптастым. Осының арқасында генерал-майор шеніне дейін жоғарыладым. Бұрынғы әріптестеріммен қайта қауышып отырғаныма қуаныштымын. Кәсіби мерекелері қарсаңында құттықтайын деп арнайы келіп отырмын.

Өңіріміздің ішкі істер органдарының ардагерлері қадірменді мейманмен кездесуде өткенді еске алып, болашаққа жоспар құрды. Жерлестерімізді ардагерлер туралы заңның қашан қабылданатыны қызықтырды.

Жеңіс Ермұқанов