ТЖ

Орман алқаптары өрттен зардап шегуде


 

Ағымдағы жылы облысымызда 6 орман өрті тіркеліп, 152 га алқапты жайлаған. Соның ішінде ең ауқымды өрт фактісі Айыртау ауданындағы Ұлттық Көкшетау табиғи паркінің аумағында болды. Онда 82 га жерге қызыл жалын жайылған. Сонымен қатар орман қоры учаскелеріне іргелес аумақтарда 171 жану фактісі болған, дегенмен тілсіз жау уақытында ауыздықталған.

Анатолий Усольцев, СҚО табиғат ресурстары және табиғатты пайдалануды реттеу басқармасы бастығының орынбасары:

– Орман өртін ауыздықтау мәселесіне байланысты орман қорын сақтау мекемелерінің 350 қызметкері наурыз айында аттестациядан өтті. Сонымен қатар, әрдайым өрттің алдын алу шаралары жүргізіліп тұрады.

Көктем мезгілінде жаңбырдың аз түсуіне байланысты  орман өрттерінің алдын алу шаралары қолға алынды. Маусымның біріне дейін орман алқаптарын айнала 11 мың км минералдандыру жұмысы жүргізілген. Өрт қауіптілігі жоғары аймақтарда тәулік бойы патрульдік қызмет кезекшілік етуде.

Анатолий Усольцев, СҚО табиғат ресурстары және табиғатты пайдалануды реттеу басқармасы бастығының орынбасары:

Техникалық базаны қайта тексерістен өткіздік. Қазіргі таңда 18 өрт сөндіру машинасы, 37 өртке қарсы сұйықтығы бар техника, 82 тілсіз жауға қарсы құрал-сайманмен жабдықталған трактор бар.  

Сонымен қатар облыс аумағында көшет отырғызу жұмыстары да оң жолға қойылды. Биылғы жылы 539 га жерге 2 млн артық ағаш егілді. Дегенмен отырғызылған ағаштардың бүршік атып, жапырақ жаюына кедергі келтіретін зиянкестер де баршылық.

Анатолий Усольцев, СҚО табиғат ресурстары және табиғатты пайдалануды реттеу басқармасы бастығының орынбасары:

-Әсіресе жасыл желек аурулары қайыңдарда кездеседі. Ол – шемен рагы. Ақ қайыңнан бұл кезде қоңыр түсті сұйықтық бөленеді де, қабығында кеуіп қалады. Ал жел болғанда жанындағы ағаштарға микробтары жұғады. Бұндай ағаштар 1-2 жыл ішінде қурап қалады. Сондықтан оларды кесіп тастауға тура келеді.

Қазіргі таңда облыс аумағында жасыл желектің басты жауы – жібек құртына қарсы дәрілеу жұмыстары жүргізілуде.

Әсел Күшенғалиева