Билік

Облыс әкімінің М.Жұмабаев және Тайынша аудандарына жұмыс сапары

 

 

Облыс әкімі Серік Біләлов М. Жұмабаев және Тайынша аудандарының басшыларымен кездесті. Екі аудан арасындағы 18 шақырымдық жолдың жөнделмегеніне біраз болыпты. Күзгі орақ кезінде осы жермен диқандар астық тасиды екен. Өңір жетекшісі жол бөлігін тез арада қалпына келтіруді тапсырды.

Серік Біләлов, СҚО әкімі:

 – Жолды жөндеуге ертерек кіріссек, жұмыс соғұрлым сапалы болады. Өйткені мына жердің топырағы әбден тығыздалуы керек. Орақ басталған соң осы жер арқылы Тайынша ауданына, Келлеровкаға және басқа элеваторларға астық тиелген машиналар өтеді. Сондай-ақ, тұрғындарға да Астанаға бару үшін қиын. Возвышенкадан осы араға дейін орташа жөндеу жүргізу қажет.

Жөндеумен мердігер “Титан – Север” компаниясы айналыспақ. Олар қауырт жұмысқа маусымның 30-нда кірісуді жоспарланып отыр.

Бейбіт Исманов, СҚО жолаушылар тасымалы және автомобиль жолдары басқармасының бастығы:

– Бұл – М. Жұмабаев ауданындағы Возвышен, Молодая Гвардия, Қиялы, Рощинск елді мекендерін жалғайтын маңызды күре жолдардың бірі. Оның жағдайы сарапталып, жоба-сметалық құжаты әзірленді. Қиыршық тасты 15 шақырымға төсейміз. Ол үшін республикалық бюждеттен 250 миллион теңге қаржы бөлінді.

Осыдан кейін өңір басшысы «Молодогвардейское» серіктестігіне соқты. Мұнда шөп шабу қызу жүріп жатыр.

Александр Яшин, «Молодогвардейское» ЖШС директоры:

– Биылғы шабындық алқабы 356 гектарды құрап отыр. Шөп шабу науқанына кірісіп кеттік. Жауын аз. Шөп қурап кетпес үшін қолда бар техника жұмылдырылды. Мұнымен қоса егінге гербицид себудеміз.

Облыс әкімі Серік Біләлов сапар соңында осы аудандағы Фурманов селолық округіне қарасты «Акса север» серіктестігінің танап басында болды. Биыл олар 5300 гектарға дән сіңіріп, алқапты химиялық өңдеуден өткізген.