Қоғам

Еңбек қорғау заңнамасының орындалуы қадағалануда



 

Үстіміздегі жылдың 30 сәуірінде «Казводхоз» РМК филиалында оқыс жағдай орын алған болатын. Электромонтерлер бригадасы Сергеев су торабының бойында жөндеу жұмыстарын жүргізген. Басты жұмыстар аяқталған соң қызметкерлердің бірі құрылғылардың бұзылғандығын байқап, өздігінен жөндеуге әрекет жасапты. Алайда ол 10 киловольттік шағын стансаның ажыртылмағандығын ескермепті.

Болат Мұқашев, СҚО бойынша бақылау және әлеуметтік қорғау департаментінің мемлекеттік инспекторы:
Біз бұл жазатайым оқиғаның себептерін анықтауға тырыстық. Бастылары – жұмыстың қажетті деңгейде ұйымдастырылмауы, жұмыс аумағын өздігінен кеңейту болып табылады. Қазіргі уақытта тергеу материалдары ІІД тапсырылды.

Еңбек қауіпсіздігінің сақталмауы, өндірістік жарақат алу, жалақының уақытылы төленбеуі – бұл жұмыс барысында туындайтын мәселелердің бір бөлігі ғана. Жыл басынан бақылау және әлеуметтік қорғау департаментінің мемлекеттік инспекторлары еңбек заңнамасын бұзудың 818 оқиғасын анықтапты.

Наталья Дехтяренко, СҚО бойынша бақылау және әлеуметтік қорғау департаменті бөлімінің бастығы:
Оның 507-сі – еңбек қарым-қатынасы, 304-і – еңбек қауіпсіздігі және 7-уі жұмыспен қамту мәселелеріне қатысты. Бұл олқылықтар үшін 349 заңды және лауазымды тұлға әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Жалпы айыппұл мөлшері – 18 млн теңге.  

Сондай-ақ жалақының қызметкерлердің қолына уақытында тимеуіне байланысты облыс бойынша 57 кәсіпорын тексерілген. Нәтижесінде 221 млн теңге көлеміндегі борыш анықталыпты. Оның 159 млн-ы әлі де өтелмей отыр.

Инеш Шоқақова