Бизнес және экономика

“Солтүстік Қазақстанда жасалған” көрмесі

 

“Солтүстік Қазақстанда жасалған” көрмесінде облыстың тәуелсіздік жылдарындағы жетістіктері айқын көрініс тапқан. Ауыл шаруашылығы, өнеркәсіп, энергетика, коммуналдық шаруашылық, туризм – қысқасы, барлық саладағы табыстарымыз ауыз толтырып айтарлықтай. Агроөнеркәсіп кешені – өңір экономикасының қозғаушы күші. Сондықтан бұл саланы дамытуға әрқашан үлкен көңіл бөлінеді. Нәтижесінде ауыл шаруашылығы жалпы өнімінің көлемі өткен жылы 358 млрд. теңгеге жеткен. Өсімдік шаруашылығымен қатар мал шаруашылығы қарқынды дамып келеді.

Алтынбек Абдуллаев,  СҚО ауыл шаруашылығы басқармасы бастығының орынбасары:
112 мың техника сатып алынды. 2005 жылдан бері 11 сүт кешенін құрыппыз. Былтыр 10 068 бас қара мал шетелден әкелдік. Биыл да кем болмайды деп ойлаймыз.

Облыс өнеркәсібіндегі жетістіктер де орасан. Машина жасау, құрылыс индустриясы, қайта өңдеу және тамақ өнеркәсібі кәсіпорындарының көрмеге шығарған өнімдері тек біздің өңірде ғана емес, ел көлемінде кеңінен танымал. Петропавл ауыр машина жасау зауыты – республикадағы жетекші кәсіпорындардың бірі. Мұнайгаз өндіру және өңдеу, энергетика, темір жолдарды жөндеу үшін зауыт шығаратын жоғары сапалы қондырғылар бүгінде үлкен сұранысқа ие.

Қуаныш Бішімов, “ПЗТМ” АҚ бас директоры:
Бүгінде 800 млн. теңгеге қондырғыларды жаңарттық. Екінші кезеңде бұл бағытқа 1 млрд. теңгеден астам қаржы жұмсаймыз.

Көрмеде өңіріміздің тамақ өндіруші кәсіпорындары өнімдерін мол ұсынды. Ет, сүт, ұн, нан-тоқаш, макарон, кондитерлік өнімдер, сусындар өзге облыстарға да шығарылады. “Тайынша сүті” ЖШС    өнімінің Алматы, Астана, Қарағанды, Көкшетау қалаларында өз тұтынушылары бар.

Сәкен Төлебаев,  “Тайынша сүті” ЖШС өкілі:
Өніміміз табиғи. Өте сапалы. Жылда өңірлік көрмелерге қатысамыз. Жаңа өнім шығып жатыр.

“Арқалық” шаруа қожалығының қымызы жұртшылыққа етене таныс. Қожалық табиғи сусынның екі түрін өндіреді. Биыл олар Астана нарығына шығуды жоспарлап отыр.

Әсел Бектемірова, “Арқалық” шаруа қожалығының маманы:
8 жылдан бері қымыз шығарып келеміз. 2 түрін өндіреміз – бие сүтінен таза жасалатын қымыз және қымызды өнім. Өзіміз 300-ден астам бие ұстаймыз. Күніне 1000 литрге дейін сүт сауамыз.

Сондай-ақ көрмеге жеңіл өнеркәсіп, құрылыс материалдары мен жиһаз шығаратын кәсіпорындардың өнімдері де қойылған. Жалпы көрмеге өңіріміздің 50 өндіріс орны қатысты.

Айымгүл Әбілева