Білім

Кітапханашылар білім жетілдіруде



 

Кітапханашы өзінің кәсіби деңгейін үнемі шыңдап отыру қажет дейді облыстық кітапхананың тәжірибелі мамандары. Уақыт өткен сайын оқырманға қызмет көрсетуге деген талап та өседі. Сондықтан кітапханашы түрлі әдістерді меңгеріп, технология мүмкіншіліктерін білуі керек. “Профи” жазғы мектебінің мақсаты осыны көздейді.

Любовь Самсонова, С. Мұқанов атындағы ОӘҒК инновациялық-әдістемелік бөлімінің жетекшісі:

– Теориялық және практикалық сабақтар өтеді, кітапхана қорымен таныстырамыз, анықтамалық-библиографиялық, ақпараттық қызмет, мультимедиямен жұмыс жасауды, Интернет ресуртарын пайдалануды үйретеміз. Жоспарымыз үлкен. Жұмыс көп.

Жамбыл ауданынан келген Бибігүл Қамытаяқованың кітапханашы болып қызмет етіп жүргеніне 3-ақ ай болыпты. Жас маман семинардың өте маңызды екенін айтады. Өйткені, күн санап оқырмандардың қатары артып келеді. Сондықтан кітапханашығы қойылатын талап та үлкен.

Бибігүл Қамытаяқова, Благовещенка аумақтық кітапханасының қызметкері:

– Бізде күніне 100 шақты адам келеді. Оларға барлық жағдай жасалған. Интернетті пайдаланады. Кітап қоры үлкен. Үнемі жаңартып отырамыз.

Раушан Қожанова қызмет ететін Аққайың аудандық орталық кітапханасында жыл басынан бері 6 мыңға жуық жаңа оқырман тіркеліпті. Әдебиеттер үздіксіз толығып тұрады. Барлығы 130 мыңға жуық кітап бар екен.

Раушан Қожанова, Аққайың аудандық орталық кітапханасының әдіскері:

– Біліміміз молаяды, әріптестерімізбен тәжірибе алмасамыз, бір-бірімізден үйренетініміз көп деп ойлаймын.

Сондай-ақ, мамандар апта ішінде қаланың мәдени орындарымен де танысады. Олар ауылдарына мол білім және шабытпен оралмақ. Ал  бұл алдағы уақытта табысты жұмысқа серпін берері сөзсіз. Облыстық әмбебап ғылыми кітапханасының қызметкерлері “Профи” жазғы мектебін жыл сайын ұйымдастыруды жоспарлап отыр.

Данаш Хамзина