Білім

Болашақ техниктер Петропавл ауыр машина жасау зауытымен танысты

 

Алдымен студенттер Петропавл ауыр машина жасау зауытының мұражайымен танысты. Өндіріс ошағының өткенінен сыр шертетін залда зауыт жұмысшылары жасап шығарған бұйымдардың шағын макеттері қойылған. ҰОС кезінде әскери техника мен қару- жарақ жасаған зауыт 1961 жылдан бастап   бейбіт өмірге қажетті ауыл шаруашылығы техникасын құрастыруға кіріскен.

Данияр Бейсенов, М. Қозыбаев атындағы СҚМУ жанындағы көпсалалы колледж студенті:
– Бүгінге дейін біздің зауытта әскери ракета шығарылғанын білмеппін де. Мен радиоэлектоника және байланыс тобында оқимын. Мүмкіндік болса осында тәжірибеден өтсем деймін. Өзімді жақсы қырымнан танытып, осы зауытқа жұмысқа орналасқым келеді.   

Студенттер кәсіпорын цехтарын аралап, өндіріспен танысты. Бүгінде Петропавл ауыр машина жасау зауыты облысымызда тұрақты әрі белсенді дамып келе жатқан кәсіпорындардың қатарында. Мұнда шығарылатын өнім отандық нарықта зор сұранысқа ие. Зауыт жұмысшылары теміржол нысандарымен қатар, соңғы уақытта энергетика, мұнай кешендеріне қажетті қондырғылар құрастыруды қолға алыпты.

Евгений Фащук, “Петропавл ауыр машина жасау зауыты” АҚ бас құрастырушысы:
– Бізде 6 цех бар. 1200 қызметкер жылына 8 млрд теңгенің тапсырысын жылдам әрі сапалы орындай алады. Студенттер жиі келіп тұрады. Біздің оңай емес ісімізге қызығушылық танытқандарға есігіміз қашан да ашық. Кейбіреулері тіпті жұмысымызбен танысқан соң, мұнда қызметке тұрып жатады. Құлшынып тұрған қабілетті жасты оқытып, мамандығының қыр-сырына үйретеміз.

Бағдат Латанов инженер мамандығы бойынша қолайлы жұмыс таба алмапты. 8 ай бұрын зауытқа келіп, фрезерлеушінің кәсібін үйреніп алған.

Бағдат Латанов
, “Петропавл ауыр машина жасау зауыты” АҚ фрезерлеушісі:
Жұмысым өзіме ұнайды. Жуырда үшінші разрядты фрезерлеушіге көтерілдім. Білмеген тұстарымды тәжірибелі әріптестерім түзеп, кеңестерін аямайды. Ұжым жақсы, жалақы да жаман емес.

Отандық тауар өндірушілер мемлекеттік тапсырысты орындау үшін өндіріс көлемін арттырып, ұлттық компаниялармен әріптестікті нығайтуды көздеп отыр.

Жеңіс Ермұқанов