Аптадағы маңызды жаңалықтар

Ұлтаралық және дінаралық қатынастарды нығайту

 

Түрлі дін өкілдері мен ұлыстар арасындағы татулық және тұрақтылықтың тізгінін тең ұстау – тәуелсіз Қазақстанның басты саясаты. Бірлік болмаса ел берекесі кетеді. Ал, бұл әрбір қазақстандық үшін маңызды. Өңірдегі дінге қатысты жағдайды білуге келген ҚР Дін істері агенттігінің төрағасы Қайрат Лама Шариф облыстық әкімдіктің отырысына қатысты. Жиынды облыс әкімі Серік Біләлов ашты.

Серік Біләлов, СҚО әкімі:

 – Елбасы бейбітшілік пен келісімнің тиімді моделі – Қазақстанның табысты дамуының базалық факторы деген болатын. Осы бағытты басты жолға қойған тәуелсіз еліміз бірлігі жарасқан елдердің қатарында.

Облыстық дін істері жөніндегі департамент бастығы Нұрислям Ғабдуллиннің есебі бойынша Солтүстік Қазақстанда 117 түрлі діни бірлестік бар екен. 217 діни ғимарат жұмыс істейді, заңды түрде 39 миссионер тіркеліпті. Өңірдегі жағдайды бақылауда үстау үшін полицейлердің көмегі орасан. Олар жыл басынан бері жеті заң бұзушылықты әшкерелеген.

Мұрат Ұрұмханов
, СҚО ІІД бастығы:

– Ақпан айында Тайынша ауданында заңсыз әрекет етіп, өздерінің ілімін насихаттаған “Таблиғи Жамағат” бірлестігінің 6 адамы ұсталды. Біреуі Келлеровканың тұрғыны болса, қалғаны Қарағанды облысының азаматтары. Олар әкімшілік жауапкершілікке тартылып, әрбіреуіне 100 айлық есептік көрсеткіш көлемінде айыппұл салынды.

ҚР Дін істері агенттігінің төрағасы Қайрат Лама Шариф өңірде атқарылып жатқан істерге оң бағасын берді.

Қайрат Лама Шариф, ҚР Дін істері агенттігінің төрағасы:

-Солтүстік Қазақстан облысында аудандық деңгейде де кеңестердің жұмысы белсенді жүріп жатқанын байқадық. Қуантарлық жағдай. Ауыл кітапханаларында экстремистік бағыттағы әдебиеттердің бар-жоғы тексеріліпті. Бұл көптеген өңірде әлі басталмаған шаруа.

Кеңесті қорытындылаған облыс әкімі Серік Біләлов департамент жетекшілері мен аудан әкімдеріне тиісті тапсырмалар беріп, діни экстремизммен күресті тиімді ету үшін бірқатар міндеттерді айқындады.

Данаш Хамзина