ТКШ

“Петропавл су” жөндеу жұмыстарын жүргізіп жатыр

 

 

 

Сенная көшесі бойындағы жер асты су желісі 60-шы жылдары төселіпті. Одан бері негізгі трасса жөндеу көрмеген. Бұл маңның тұрғындары әзірге суды өзге құдықтардан тасуға мәжбүр. Маусым айының соңына дейін 2 шақырымдық ескі құбыр жаңасына алмастырылады дейді мамандар. Бүгінде бар шаруаның 50 пайызы тындырылып көшенің бір бөлігіне су жіберілді.

Қайни Қожелдақова:

– Суды қадырлей білу керек. Жөндеп бергенге рахмет айтамыз. Күні-түні ағып жатыр. Оны үнемдей білу керек. Мына араға келіп, көбі суды шашып, көліктерін жуады.

Бүгінде “Петропавл су” АҚ қарамағындағы 308 шақырымдық тарату желісінің 75,5 пайызы тозған. Суағарлардың да бүгінгі күйі мәз емес. Кәсіпорын жағдайды жақсарту үшін өз қаржысына кешенді жөндеу шараларына кірісті.

Сергей Визерев,  “Петропавл су” АҚ бас инженері:
– Биыл 218 млн теңгеге негізгі магистральдың істен шыққан бөліктерін жаңартуға жұмсалмақ. Шамамен 10 шақырымдай су құбыры, 6 шақырым канализациялық желі ауыстырылады. Әзірге жоспарға ілеспей жатырмыз.
Ауа райының қолайлылығын пайдаланып негізгі жұмыстарды жаз соңына дейін аяқтау көзделіп отыр.  

Бүгінде күтпеген апатты жағдайлар 30 пайызға қысқарған. Су тарату станцияларының барлығы ағымдағы жөндеуден өткізілуде. Біртіндеп автоматты қондырғылар орнатылуда. Олардың үздіксіз жұмысын қамтамасыз ететін қуаттылығы 14 мВт электр станциясы салынып жатыр. 130 млн теңгенің нысаны шілде айында іске қосылмақ.

Серікбай Бекмағанбетов, “Петропавл су” АҚ бас  энергетигі:
– Жаңа нысанның көмегімен насосты станциялардағы қысым реттеліп, тұтынушыларға суды үздіксіз жеткізуге мүмкіндік береді.  

Кәсіпорынның техникалық паркі де 80 пайызға тозған. Биылдыққа облыстық қазынадан бөлінген 60 млн теңгеге аса қажетті деген жөндеу көліктері жаңартылатын болады. Сндай-ақ инвестициялық бағдарлама аясында 65 млн теңгеге 5 шақырым су желісі жаңартылады. Өзге де мұқтаждықтарды шешуде 1-ші мамырдан сарапталған тариф жүйесі енгізілді.

Марат Мұстафин, ҚР табиғи монополияларды реттеу агенттігі СҚО бойынша департаментінің директоры:
– Негізгі себебі – үнемдеу мәселесі. Есептегіш құралы барлар аз төлейді. Негізгі тариф заңды тұлғаларға  ауыстырылды. Бұрын тарифте жөндеу болмайтын. Сарапталған тарифтің арқасында «Петропавл су» халыққа дұрыс қызмет істеуге бейімделеді деп ойлаймыз.

Жалпы бүгінде тұтынушылардың 80 пайызы есептегіш құралдарын орнатып алыпты. Олар жаңа тариф бойынша судың бір текше метріне енді 25 емес 31 теңге төлейді. Ал өзгелері 45 пайызға артық төлеуге мәжбүр. Заңды тұлғалар үшін судың құны 70 пайызға өсті.

 
Жеңіс Ермұқанов