Қоғам

Қайрат Лама Шариф Петропавлдың діни нысандарын аралады

 

 

ҚР Дін істері агенттігінің төрағасы Қайрат Лама Шариф алдымен 19-шы ықшам аудандағы шіркеуге барды. Протоиерей Сергий құрметті мейманға діни ғимараттың бөлмелерін көрсетті. Шіркеу 6 жыл салынып, 2005 жылы қолданысқа берілген. Мұнда жексенбілік мектеп пен 4 мыңға тарта әдебиет қоры бар кітапхана жұмыс істейді.
  Бұдан кейін Қайрат Лама Шариф Абылай хан резиденциясына  соқты. Тарихи ғимарат 2005-2008 жылдары аралығында қайта қалпына келтірілген болатын. Іші көреген саясаткер Абылай ханның өмірі мен қазақ халқының тарихынан сыр шертетін жәдігерлерге тұнып тұр.

  Қызылжар орталық мешіті де құрметті мейманның назарынан тыс қалмады.
 Сондай-ақ Қайрат Лама Шариф католиктердің шіркеуінде болып, ғимарат қызметкерлерінің жұмысымен танысты. Бұл нысанның іші бірнеше бөлмелерден тұрады. Орталық дұға ететін зал, балалардың сурет және компьютерлік сыныптары. Сонымен қатар, елімізде тұрып жатқан барлық ұлттың достығын айқындайтын арнайы қуыршақ бөлмесі де бар екен. Әр ұлттың киімін киген қуыршақтар музыка ырғағымен билейді.

Гүлбану Ахметова