Энергетика

Жылу-электр орталығында жабдықтар жаңартылуда



Қыстың қамын жаз ойлайтын энергетиктер қауырт маусымға білек сыбана кіріскен. Инвестициялық бағдарлама аясында 5 млрд. теңгеге жылыту құрылғыларын жөндеу көзделген. Бүгінде бұл қаржының 45 пайызы игеріліп қойылыпты. Биыл 30 жылдық қолданыс мерзімі өткен алтыншы қазандық толығымен жаңартылды. 7-сі жыл соңында, ал 8-ші қазандық келесі маусымда қолданысқа тапсырылмақ. Турбиналар цехында да 3 агрегат жаңадан орнатылып жатыр. Жұмыстың тең жартысы тындырылды. Әрбірі энергия қуатын 12 мВт-қа, жылуды 40 гигакалорияға ұлғайтпақ.

Виктор Бармин, “СевКазЭнерго” АҚ  № 2 ЖЭО директоры:
Бұл жұмыс бу өнімін әрбір қазандықта 220 тоннадан 270 тоннаға дейін арттыру үшін ғана емес, оның экономикалық көрсеткіштерінің жоғарылауы үшін де атқарылып жатыр. Заманға сай қондырғы электр энергиясын 2 есеге артық шығаратын болады. Қоршаған ортаға зиянды газдың, күкірт қалдықтарының шығуын да әлдеқайда азайтады.  

Барлығын қоса алғанда 60 мВт энергия артық өндіріледі деп күтілуде. Жалпы акционерлік қоғам 2015  жылға дейін қайта құру және жаңғырту бағдарламасы бойынша әбден тозған қондырғылардың тең жартысын ауыстыруды көздеп отыр.

Игорь Татаров, “СевКазЭнерго” АҚ басқарма төрағасы:
2015 жылға дейін жаңа қондырғылар автоматтандырылады. Тек компьютермен басқарылып, қызметтіміздің үздіксіз тасымал үрдісін қамтамасыз етеді. Артылған өнімді ел нарығына шығару мүмкіндігі туады. Бүгінде инженерлік желілерге 40 жыл бойы жөндеуді талап етпейтін сапалы кең құбырлар төсеуді қолға алдық. Бұның бәрі тұтынушыларға сапалы қызмет көрсету үшін жасалады.

Мұнараларға орнатылған күл ұстағыш эмульгаторлар қоршаған ортаға зиянды заттардың 99,7 пайызының бөлінбеуіне кепіл болады. Бұл жаңашылдық ауаға таралатын күкірт қышқылын 6 есеге азайтпақ. Былтырғы желіге қосылған жаңа нысандар мен қуаттылықтың артуынан көмір әдеттегіден 14,5 мың тоннаға артық жұмсалыпты. Осыған сәйкес № 2 жылу- электр орталығы табиғи монополияларды реттеу агенттігінің СҚО бойынша департаментіне көрсететін қызметі үшін төлемді 40 пайызға арттыру туралы ұсыныс түсірген. Энергетиктердің өтініштері жартылай құпталды.

Марат Мұстафин, ҚР табиғи монополияларды реттеу агенттігінің СҚО бойынша департаментінің директоры:
2010 жылдан бері тарифтері көтерілген жоқ. Көмірдің бағасы мен шикізатты тасымалдау құны екі есе өсті. Мұнымен қатар салық және өзге де міндетті төлемдер шығыны артып отыр. Жұмысшылардың жалақысы төмен. Осыны ескеріп біз тарифті сәл көтердік. Сарапшылар барлық себептері мен шығын жайын толық зерттеп, 20 пайыздық өсім жеткілікті деп тапты.

Жиынды қорытындылаған облыс әкімінің орынбасары Қайрат Бекенов энергетиктердің атқарып жатқан жұмыстарына оң бағасын беріп, қауырт маусымға дайындықты уақытынан кешіктірмеуді тапсырды.

Қайрат Бекенов, СҚО әкімінің орынбасары:
Жылу орталығы әлеуметтік нысандарды есепке алмағанда 2 мыңнан артық тұрғын үйді жылу және жарықпен қамтиды. Сондықтан қысқа аса жауаптылықпен тыңғылықты дайындалу керек. Жоспардан ауытқымаған дұрыс. Одан бөлек уақытта өзге де күтпеген шаруалар шығып қалуы мүмкін. Энергия қадағалау мамандары бұл жұмыстардың жүргізілу барысын қатаң бақылауға алсын.  

Соңғы 3 жылда энергия үнемдеу – 10, күтпеген апаттар 4 есеге азайыпты. Энергетиктер бұл көрсеткішті одан әрі жақсартпақ.  

Жеңіс Ермұқанов