Кеден

Жүк тасымалдаушылар назарына


 

Кеден одағы аясындағы жаңа ережелер 17 маусымнан бастап күшіне енбек. Алғашқы болып мұндай тәртіпті Белоруссия қолдана бастапты. Яғни, бұдан былай жүк тасымалдаушылар алып өтетін тауарлары жайлы толық ақпаратты алдын ала ҚР кеден органдарына жіберуі керек.

Александр Челапкин, СҚО бойынша кедендік бақылау департаментінің бөлім бастығы:
Бұл мақсаттарды орындау үшін pi.customs.kz сайты құрылған. Құжаттары бар әрбір тасымалдаушы сайтқа кіріп, тіркелуі қажет. Сәйкес талаптар бойынша транзиттік декларация форматын толтыру талабын орындауы тиіс. Қатесіз толтырылғаннан кейін  оның электронды поштасына 10 саннан тұратын бірегей номер келеді.  

Ал сайтқа тіркелген тауар иесі өзіне келген кодты смс арқылы өзінің жүргізушісіне жібере алады. Мұндай жүйе уақыт пен қаржыны үнемдеу мүмкіндігін арттыра түспек.

Александр Челапкин, СҚО бойынша кедендік бақылау департаментінің бөлім бастығы:
Тауарды өткізуші шекарада кезекте тұрмай-ақ, қажетті құжаттарын көрсетеді. Ол көп уақытты алмайды. Алып өтетін тауар алдын ала жіберілген құжатпен сай болса болғаны. Мөр басылып, шекарадан өте береді.  

Тасымалданатын тауарлар туралы алдын ала ақпаратты ең ұзақ дегенде бір ай бұрын, ал ең кеш дегенде екі сағат бұрын жіберу керек. Ал  электронды декларация болмаған жағдайда, шекарадан өту үшін ұзын-сонар кезек күтуге тура келеді.

Әспет Әбдірешова