Ауыл шаруашылығы

Жер телімдерін түгендеу

 

 

Солтүстік Қазақстан облысының жалпы жер қоры 9 млн гектардан асады, оны тиімді пайдалануды реттеу өңірлік жер қатынастары басқармасының еншісінде. 7 млн гектар ауыл шаруашылығы саласына  берілген.  Оның 5 млн  егістік жерлер, 2 млн-ны жайылымдар. Басқарма бастығы Есенгелді Кәрібаевтың айтуынша, соңғы уақытта мал өсірумен айналысатын фермерлер саны артқан. Тиісінше, аталған салаға берілетін жер учаскесі де көбейеді.

Есенгелді Кәрібаев, облыстық жер қатынастары басқармасының бастығы:

-Жыл басынан бері 284 жер телімі конкурс арқылы жер пайдаланушыларға берілді. 116 мың 800 гектар егін себуге арналса, 77 900 гектар жайылымдыққа. Мұның бәрі ауыл шаруашылығының жері.

Тағы да қосымша облыс тұрғындарына пайдалануға жаңа 82 361 га алқап бөлініпті. Сондай-ақ, басқарма қызметкерлері биыл жеке тұрғын үй құрылысына бөлінетін жерлерді түгендеген. Учаскеге үмітті 192 қалалықтың өтініші қабылданыпты,  аудандар арасында ең көп үй салғысы келетін Қызылжар ауданының тұрғындары. Олардан 143 өтініш түскен. Қала бойынша бүгінге дейін 5 мыңнан аса адамға учаске беріліпті.

Есенгелді Кәрібаев, облыстық жер қатынастары басқармасының бастығы:

– Соның ішінде мақсатқа сай қолданылмаған 54 жер телімі табылды, 47 учаскені аумақтық жер инспекциясына әрі қарай шара қолдану үшін тапсырдық. 7 жер учаскесі иесі жоқ деп танылды.Келешекте мемлекет меншігіне өтіп, басқа адамдарға берілуі мүмкін.

Өткен жылғымен қоса есептегенде жер қойнауын пайдалануға 11 кәсіпорын ниет білдіріпті. 3 өтініш осы жылдың еншісінде. Оның екеуі қанағаттандырылды. Ол жерде құрылысқа қажет шикізат алынатын болады.

Данаш Хамзина