ТКШ

Тұтынушыларға – жаңа тарифтер туралы

 

 

Еліміздің коммуналдық кәсіпорындары ұсынатын қызметтердің 20 пайызы далаға кетеді екен. Ысырапты азайту үшін еліміз 2020 жылға дейін тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығын жаңғырту, энергия, ресурс үнемдеу бағдарламаларын қолға алған. Осының нәтижесінде Қазақстанда 421 млн. кВт сағат электр энергия мен 105 мың тонна көмір үнемделді. Сәйкесінше қоршаған ортаға зиянды заттар бөлетін күл 46 мың тоннаға кеміген.

Марат Мұстафин, табиғи монополияларды реттеу агенттігінің СҚО бойынша департаментінің директоры:
– Бұл үнемдеу екі жолмен келген нәтиже. Біріншіден дифференциалдау тарифіне көшу. Заңды тұлғалар тәулік бойынша сараланған тарифтер арқылы есеп айырысады. Ал жеке тұлғалар күндізгі және түнгі тарифтер бойынша өтейді. 90 кВТ артық энергия пайдаланған тұлғаның өтемі өседі. Сондай-ақ есептегіш құралдарының орнатылуы да бұған сеп болды. Жылу магистралдары су құбырлары мен электр желілерінің жаңартылуы да шығынды әлдеқайда азайтты.

Солтүстікқазақстандық тұтынушылардың 21,8 пайызы жылу есептегіш құрылғыларымен қамтылған. Бұл шығынды азайтуға септесті дейді мамандар. Су шығыны да 15 пайызға дейін түскен. Мағжан Жұмабаев ауданында бұл бағытта тың өзгерістер байқалуда. 2008 жылы Булаева қаласында 22 шақырымдық су желісі төселіпті. Биылдан аудан орталығында тағы 9 шақырымдық таратқыш құбыр жаңартылмақ.

Николай Копач, “Булаев су шаруашылығы” МКК директоры:
200 құдық бар. Далада тұрғасын жиі істен шығып жатады. Бүгінде тұтынушылардың 40 пайызына тіршілік көзі үйлеріне тартылып қойылды. Барлығы есептегіш құрылғыларын орнатты. Бұндай жабдықтары жоқтар төлемді 40 пайызға көбірек төлейді. Бұл қалталарын қағатыны анық. Содан болар халық судың да сұрауы бар екенін түсініп ысырап қылмауға тырысады.

Жұмабаевтықтардың 85 пайызы тәулік бойы таза ауыз сумен қамтылыпты. Әзірге 6 елді мекенге су көлікпен тасымалданады.

Андрей Лобанчук, М. Жұмабаев аудандық тұрғын үй- коммуналдық шаруашылығы бөлімінің бастығы:
– Аудан бойынша 640 шақырымдық су тарату желісі бар. 835 шақырым топтық су құбырлары. «Ақ бұлақ» бағдарламасы аясында 54 елді мекеннің әр үйіне тіршілік көзін тарту көзделіп отыр. Бүгінде барлық құжаттар дайын. Электр энергиясы мен әлеуметтік нысандардың жылу жүйесінің шығынын азайту үшін экономайзерлер алынды.

Бірінші сәуірден жеке тұлғалар үшін электр энергиясы мен суға үш деңгейлі сараланған тариф енгізілді. Онда ардагерлер мен мүгедектер, жалғыз басты тұтынушыларға жеңілдіктер қарастырылған. Бұл жаңалық ауылдықтарды қуантпай қоймады.

Балқия Үтеуленова, М.Жұмабаев аудандық ардагерлер кеңесінің мүшесі:
– Біздің ардагерлер кеңесінде 8 мыңға жуық адам мүшелік етеді. Зейнеткерлер мен жарымжан жандар, әлеуметтік ахуалы төмен отбасыларға коммуналдық қызмет құны өзгелерге қарағанда төмен болатыны үлкен көмек.
Ол үшін мемлекеттен қолдау жасалады дейді.  

Табиғи монополияларды реттеу агенттігінің СҚО бойынша департаментінің директоры Марат Мұстафин жиналғандарды енді бір жаңалықпен қуантты. Биылдан коммуналдық қызмет көрсететін кәсіпорындарға электронды лицензиялау жүйесі енгізілді. Бұл әсіресе шалғай аудандардың іскерлерінің жол және қағаз машақатын жеңілдетіп отыр.

Жеңіс Ермұқанов