Құқық қорғау органдары

Салт атты күзет

 

 

Қазақ халқының ежелден жылқы жануарын дәріптеуі тегін емес. Қамбар ата төлі таза әрі адал, жорықта жауынгер қанаты танылған. Қазір де сұраныста, бейбіт өмірде қоғам тыныштығын сақтауға көмектеседі.
Самат Құсбеков, Петропавл қ. ІІБ патрульдік полициясының батальон командирі:

– Бұл құрылым орманды алқап, саяжай және жағажайларды аралайды. Яғни, көлікпен жүре алмайтын қиын жерлерден осылар өтеді. Атты взводтың көмегімен жыл басынан бері 10 ұрлау фактісі әшкереленді.

Әскерилер жұмысқа дайындықты аттарына ер-тұрман кигізуден бастайды. Аяқтарына сіңірі созылмау үшін ақ мата орап, үстіне қорғаныш жамылғысын жабады. 
Мерей «Арғымақ» деп аталатын атты 3 жыл бойы мініп келеді. Осы уақытта бір-бірін жақсы танып үлгерген. Әттең сөйлей алмайды, әйтпесе жаныңды адамнан артық түсінеді дейді тәртіп сақшысы.

Мерей Жамұлдинов, полиция сержанты:

– Мұны тек жылқы,көлік ретінде ғана емес, өзімнің әріптесім, досым, серігім деп айтар едім. Күн сайын атты тазалап,сипап, тарап, ер-тоқым салып жүргеннен кейін ат өзіңе жақын болады. Қуантқан кезде алма, қант беріп еркелетіп отырамын.

Салт атты полицейлер жұмысының тиімділігін бағбандар да байқаған, еңбегін жоғары бағалауда.

Лилия Новикова, бағбан:

– Атты күзет жиі келетіндіктен ұрылар да жоламайтын болды. Бұрын мұндай тиыштықты армайдайтынбыз.   Енді ешкімнен қорықпаймыз. Істеріне ризамын.

Маңай тыныш. Ұрлық тіркелген жоқ. Қарақшылар көрінбейді. Бұл – қызметтің ойдағыдай өткені. Ендеше, күн соңында әскерилерге бойларын еркін ұстауға болады, ал аттарға дәмді жем-шөп беріледі.

Данаш Хамзина