Мәдениет

Қайырымдылық қойылымы

 

 

 

«Қыз Жібек» – пәк махаббат пен шынайы сезімге құрылған жыр. Бұл пьеса – қазақ драматургиясының алтын қорындағы кесек туынды. «Қыз Жібек» қойылымын театр әртістері биыл Ғабит Мүсіреповтың 110 жылдық мерейтойына тарту еткен еді. Көрермендердің көңілінен шыққан қойылым бүгін кезекті рет сахналанды.

Қуандық Қасымов,  С.Мұқанов атындағы қазақ сазды-драма театрының директоры:

-Біз жылда қайырымдылық спектаклін қоямыз.  Қойылымнан түскен қаржыны жетім балалар үйіне аударамыз. Бүгін қойылымды осы мақсатпен қойып отырмыз.

«Қыз Жібекті» театрдың тұрақты көрермендерімен бірге көрнекті қаламгер Сәбит Мұқановтың қыздары да тамашалады. Олар әкелерінің есімін иеленген өнер ордасы ұжымының еңбегін жоғары бағалап отыр.

Баян Мұқанова, С.Мұқановтың үлкен қызы:
– Бүгінгі қойылым көңілімізден шықты. Актерлер өз рөлдерін жақсы сомдады. Жалпы бұл театр
ұжымының еңбегі орасан. Әр қойылымды қоярда тыңғылықты дайындалады. Әкеміздің 110 жылдығына орай «Балуан Шолақ» спектаклін қойды. Өте жақсы шыққан туынды болды.

Өнер ұжымы өткен маусымда көрермендер назарына 5 жаңа қойылым ұсыныпты. Алдағы күнге де жоспар ауқымды көрінеді. Сафуан Шаймерденовтің 90 жылдығына орай қаламгердің бір туындысын сахналамақ.

Баян Мұқанова, С.Мұқановтың үлкен қызы:
-Жазушының бір шығармасын сахналаймыз.
Бұл – «Дөкей келе жатыр» комедиясы. Мұнымен қатар тағы бір классика Уильямстың «Трамвай желания» деген туындысын қоямыз. Балаларға арнаған ертегі «Тазша баланы» дайындауды бастап кеттік. Сөйтіп, алдағы маусымда  5 спектакль қоямыз.

Сондай-ақ Абылайдың 300 жылдығы мен Мағжан Жұмабаевтың 120 жылдығына орай жаңа қойылымдар және музыкалық драма көрерменге ұсынылмақ.

Айымгүл Әбілева