Аптадағы маңызды жаңалықтар

Облысқа Ресей кәсіпкерлері келді

 

 

 Ресейлік кәсіпкерлер біздің облысқа іскерлік қарым-қатынасты нығайту үшін жылда келеді. Бұл жолғы делегация Пенза қаласынан болды. Екі жақты өзара тиімді әріптестік орнатуға мүмкіндік үлкен дейді бизнес өкілдері. Пензалықтардың жергілікті кәсіпкерлерге ұсынары мол. Мәселен, Пенза электрондық-есептеу техникасының өндірістік бірлестігі тұрмыстық техниканың алуан түрін жасайды. Нарыққа шыққанына 22 жыл болған кәсіпорын енді біздің өңірдің тауар өндірушілерімен қарым-қатынасты кеңейте түсуге ниетті.

Светлана Денисова, «ППО «ЭВТ» ААҚ бас директорының орынбасары:
-Кәсіпорын экспортының 70 пайызы Қазақстанға тиесілі. Солтүстік Қазақстан облысында серіктесіміз бар. Бірлесіп жұмыс жасап жатқанымызға 10 жыл болды. Әріптестікті әрі қарай кеңейтуге ниеттіміз. Облысқа жеткізілетін тауар түрін арттыруды көздеп отырмыз. Жалпы біздің компания 200-ге жуық тұрмыстық техника шығарады. Өнім сапасын жақсартуға үлкен көңіл бөлеміз.

Тауар өткізу нарығын кеңейтуге «Черкизовский» ашық акционерлік қоғамының өкілдері де мүдделі. Кәсіпорын ет және шұжық өнімдерін шығарады.

Евгений Китаев,  «Черкизовский» ААҚ өңірлік даму басқармасының жетекшісі:
-Қазақстан нарығына шыққанымызға 10 жыл. Ал солтүстікқазақстандықтармен 2 жылдан бері жұмыс жасап келеміз. Облысқа ет және шұжық өнімдерінің 20-25 түрін жеткіземіз. Алдағы уақытта олардың санын өсіруді көздеп отырмыз. Әрі жаңа әріптес табамыз деген үміттеміз.

Ресейліктермен келіссөздер жүргізуге жергілікті 50-ге жуық кәсіпорынның өкідері ынта танытыпты. Олар мұндай кездесулердің жаңа әріптес табуға үлкен мүмкіндік екенін айтады.

Қайрат Файзулин, «Тазарту, су тарату және су өткізу ғимараттары» МКК бас директорының орынбасары:
Ресейліктер насостар ұсынып отыр. Біздің кәсіпорынға қажет. Бағасы да тиімді. Қарастырамыз, жұмыс жасауға әзірміз.

Жасұлан Кәрімжанов, «Гелика» ЖШС директоры:
«Биосинтез» кәсіпорнының өкілдерімен келіссөздер жүргіздік. Кәсіпорын тұрақты жұмыс істейді, дәрі-дәрмектерді үзбей жеткізеді. Әріптестігімізді нығайтуға ниеттіміз. Бірқатар жаңа жобалар ұсынып отыр. Оларды қарастырып, әрі қарай жұмыс жасауға дайынбыз.

Іссапар шеңберінде ынтымақтастық жөнінде келісім жасау жоспарланған. Ал биылғы жылдың күзінде солтүстікқазақстандық кәсіпкерлер Пенза қаласына барып, өз өнімдерін ұсынбақ.

Айымгүл Әбілева