Білім

Аққайыңдық үздік түлектер марапатталды

 

 

Жылдар бойғы мектеп қабырғасында алған білімдерін таразылаған  мектеп түлектерінің бірыңғай ұлттық тестілеу сынағын тапсырғанына көп уақыт өте қойған жоқ. Алдын-ала қорытынды бойынша биылғы жылы облыста 84,8 орташа ұпаймен Аққайың ауданының түлектері жақсы нәтиже көрсетті. Бүгін аудандық әкімдікте ұлттық бірыңғай тестілеу кезінде 100-дің үстінде ұпай жинағандарға – 25, ал 110-нан жоғары жинағандарға – 50, «Алтын белгі» иегерлеріне – 65 мың теңге көлемінде ақшалай сыйлықтар табыс етілді.

Қизат Құрманбаев, Аққайың аудандық мәслихатының хатшысы:
-Аудан әкімі Рүстем Елубаевтың бастамасымен жыл сайын үздік түлектерге ақшалай гранттар береміз. Біз өзіміздің оқушыларымыз үшін өте қуаныштымыз. Алдағы уақытта да олар жоғары нәтижелер көрсетеді деген ойдамын.

Ұлттық бірыңғай тестілеу нәтижесі бойынша өткен жылы Аққайың ауданы 6-шы орынға тұрақтаған. Аудандық білім бөлімінің мамандары түлектердің биылғы жылғы нәтижесі қуантарлық дейді. Аудан әкімі Рүстем Елубаевтың ақшалай сыйақысына ие болғандардың бірі – Нарқыз Балғожина. Талапкер болашағын Стандарттау, метрология және сертификаттау мамандығымен байланыстырғысы келеді екен.

Нарқыз Балғожина, Қ.Оразов атындағы Аралағаш орта мектебінің түлегі:
-Бүгін мен үшін өте қуанышты күн. Себебі жыл бойы оқыған еңбегімді ақтау үшін ҰБТ-дан өтіп, 103 ұпай алдым. Сол үшін аудан әкімі бізге ынталандыру ретінде ақшалай көмек беріп жатыр. Сол үшін рахмет.

Мектеп бітірушілердің жоғары нәтижеге жетуі – өздерінің алған білімдерінің көрсеткіші. Әрине бұл ретте алдымен ұстаздар берген білім мен ата-аналар тарапынан жасалған қолдауды ұмытпау керек.

Ерболат Арықбаев, ата-ана:
-Мен өзімнің қызыма қуаныштымын. Осында келген барша ата-аналардың қуаныштарына құтты болсын айтқым келеді. Биыл бітірген түлектерге оң сапар, ақ жол тілей отыра, Қазақстанымыздың әрі қарай өсіп-өніп, өркениетті елдердің қатарына қосылуына өз үлестерін қосады деп сенемін.

Жалпы Аққайың ауданы бойынша 15 мектеп бар. 98 оқушы ұлттық бірыңғай тестілеуге қатысқан,  19-ының ұпайы жүздің үстінде.

Әспет Әбдірешова