Аптадағы маңызды жаңалықтар

Егіс-2012 аяқталды

 

 

 

Облыс диқандары биылғы егісті маусымның бесі аяқтады. Қолайлы ауа райы мен мемлекеттік қолдау жоспарланған істі мерзімінде еңсеруге мүмкіндік берді. Ендігі міндет – арам-шөп, егіс аурулары мен зиянкестеріне қарсы күресті мықтап қолға алу. Топырақтағы мол ылғал мен жоғары температура осы күндері егін алқаптарында арамшөптің қаулап өсуіне қолайлы болып отыр. Биылғы жылы өңірде 4,2 млн. гектер алқапты арамшөпке қарсы химиялық өңдеуден өткізу жоспарланған.

Айдарбек Сапаров, облыс әкімінің бірінші орынбасары:

-Үстіміздегі жылы ермен, ошаған сияқты арамшөптер қаулап өсуде. Олармен күресу үшін кең ауқымда әсер ететін препараттар қолданылмақ. Бұл ретте мемлекет үлкен қолдау көрсетуде. Субсидия бөлініп, ауыл шаруашылығы тауар өндірушілері үшін гербицид құны 50 пайызға арзанға түседі.


Бұл мақсатқа биыл бюджеттен 408 млн. теңге бөлінген. Бүгінде агроқұрылымдардың гербицидпен қамтамасыз етілуі 82 пайызды құрайды. Бұл жұмыс Шалақын және Тимирязев аудандарында кенжелеп қалған. Қазіргі күні алқаптарды химиялық өңдеуден өткізу үшін 1335 арнайы техника дайын. Олар күніне 350 мың гектар жерді өңдеуге мүмкіндік береді.

Айбек Күшенов, ҚР АШМ мемлекеттік инспекция комитетінің СҚО аумақтық инспекциясының бастығы:
-Бүгінгі күні арамшөпке қарсы 806 мың гектар егіс алқабы өңделген. Бұл орайда Уәлиханов, Айыртау, Ғ.Мүсрепов аудандары көш ілгері. Ал Шалақын, Мамлют және Қызылжар аудандарында өңделген алқаптардың аумағы аз.

Мамандар қазір арамшөппен жаппай күресетін уақыттың жеткенін айтады. Бірақ агроқұрылымдар бұл жұмысқа толыққанды кіріспей отыр. Аудан әкімдерін селекторлық байланыс арқылы тыңдаған Серік Біләлов уақыт оздырмай олқылықтың орнын толтыруды тапсырды. Диқандардың еңбегі еш кетпей, ертең күзде мол өнім алу үшін қазір дер кезінде тиісті шараларды қолға алу қажет.

Серік Біләлов, СҚО әкімі:
– Қазір жағдай қауырт. Әрбір күн қымбат. Көктемгі егіс жұмыстарын тиісті деңгейде өткізіп, барлық агротехникалық шараларды жасадық. Жақсы өнім алу үшін енді алқаптарды уақытында және сапалы химиялық өңдеуден өткізу шарт. Кейбір алқаптарда бұл жұмысты екі -үш рет жасау керек. Сондықтан жағдайды бақылап, тиісінше шараларды қолған жөн. Мұнымен қатар егін зиянкестерімен күресті де жүйелі жүргізу қажет.

Сондай-ақ қазір малдың қысқы жем-азығын дайындауға да кірісу керек. Биыл кемінде 750 мың тонна шөп әзірлеу жоспарланған. Өңір басшысы бұл жұмысты босаңсытпауды тапсырды. Өйткені жыл аяғына дейін облысқа шеттен 36 мың бас ірі қара және 1,5 мың бас қой әкелінбек.

Айымгүл Әбілева