Құқық қорғау органдары

Бейнебақылау – қоғамдық тәртіп күзетінде

  

 

Жедел басқару орталығындағы телефонға дамыл жоқ. Тұрғындардан шағым толастаған емес дейді полицейлер. “102” номеріне күніне кемінде 500-ге дейін қоңырау түседі екен. Әйтеуір көшеге орнатылған камералардың көмегімен қылмыстардың алдын алып немесе қылмыскерді жылдам ұстап алуға болады. Әзия Әубәкірованың пульт басына отырғанына 4 жылдан асыпты. Содан бері талай қылмыстың үстінен түскен. Жуырда тағы бір бұзақылардың жолын бөгеді.

Әзия Әубәкірова, СҚО ІІД жедел басқару орталығының кезекші инспекторы:

-Көпір жақтағы гараждардың бірінің төбесінде 4 жасөспірім жүр екен. Олардың іс-әрекеттері бір түрлі көрінді. Енді қарасам, манағылар шатырды бұзып, ішінен саймандарды ұрлап жатыр. Бірден ұстадық, қылмыстық іс қозғалды.

Жедел басқару орталығы Ішкі істер департаментінің басты әрі аса маңызды, құпиялы жерлерінің бірі. Оған екі мықты темір есікті ашып қана кіруге болады. Оның өзіне арнайы рұқсат қажет, ішінде камера самсап тұр. Бір камера кемінде екі көшені қарайды. Орталықта Петропавл қаласы алақандағыдай. Мұндағы полицейлердің бақылауынан қашып құтылудың мүмкін еместігіне бүгін тағы бір рет көз жетті.

Евгений Салихов, СҚО ІІД жедел басқару орталығының аға инспекторы:

Бұрын бізде не бары 16-ақ камера болған еді. Енді, қазір 25. Бейнебақылау негізінен орталық көшелер мен халық көп шоғырланған жерлерде орнатылған. Осы құрылғылардың қоғам тыныштығын сақтауда көмегі орасан зор.

Орталық бейнебақылау құрылғыларымен үнемі толығып тұрады. Жуырда тағы 11 камера әкелінбек.

Данаш Хамзина