Кеден

Заңсыз жолмен жеткен автомобильдер


 

Кедендік бақылау қызметкерлері мен жол сақшыларының бірлескен шаралары өз нәтижесін беруде. Маусым айында ғана көлік контрабандасына қатысты 7 қылмыстық істің беті ашылды. Мемлекетке келтірілген шығын көлемі 47 млн 500 мың теңгені құрады. Автокөліктер Қазақстанға Батыс Еуропа елдерінен әкелінген. Ал құжаттар бойынша Кеден одағы елдерінде тіркелген деп көрсетілген.

Ренат Сахатов, СҚО бойынша кедендік бақылау департаменті контрабандаға қарсы күрес басқармасының бас маманы:
– Бұл көліктердің Беларусь Республикасында тіркелгенін растайтын техпаспорт, анықтама қағаздарының жалған екені белгілі болды. Олар шекарадан өткізу кезінде аз шығынданудың амалын тауып, кедендік алымдар мен бажды өтемей, тек қосымша құн салығын ғана төлеген.
 

2012 жылы контрабандаға қарсы күрес басқармасының қызметкерлері автомобильді заңсыз тасымалдағандарға қатысты 14 қылмыстық іс қозғапты. Анықталған фактілер бойынша мемлекетке келтірілген шығын 63 млн теңгеден асып түсті.
Есірткі бизнесіне қарсы күрес те басты назарда.  Петропавл темір жол станциясында ұсталған бір жолаушы фольгамен оралған сарғыш түсті ұнтақ затты уысында жасырып, “Пенза-Владивосток” бағытындағы пойыз вагонына мінбек болған. Кейін бұл заттың 2,32 грамм героин екені анықталды. Қолға түскен азаматтың өзі есірткі қабылдаған болып шықты.

Александр Семенчук, СҚО бойынша кедендік бақылау департаментінің баспасөз хатшысы:
– Заңға сәйкес бұл аса ірі көлемдегі есірткі заты болып саналады. Сондықтан қылмыстық кодекске сәйкес «есірткі затын заңсыз тасымалдау мен сақтау» фактісі бойынша қылмыстық іс қозғалды.

Жалпы жыл басынан Солтүстік Қазақстан облысы бойынша Кедендік бақылау департаментінің қызметкерлері 19 қылмыстық іс қозғаған. Оның үшеуі есірткі тасымалдау бизнесіне қатысты.

Айдана Демесінова