Аптадағы маңызды жаңалықтар

Америкалықтармен аграрлық саладағы ынтымақтастық



 

Облыста ірі қара өсіретін 200-ге тарта шаруашылық бар. Өткен жылы 96 мың тонна ет пен 555 мың тонна сүт өндіріліпті. 25 серіктестік жергілікті малды асылдандыруды қолға алған. Былтыр бұл мақсатта өңірімізге 10 мың бас жоғары өнімді тайынша алынды. Бүгінде шетелдік зеңгі баба төлдерінің саны 18 мыңға жуықтады. Облыстық әкімдікте өткен жиында мал шаруашылығы әлеуетін арттыра түсудің тиімді жолдары қарастырылды.

Серік Біләлов, СҚО әкімі:

-Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев соңғы жолдауында ауыл шаруашылығының дамуына ерекше көңіл бөлді. Жылдың бас құжатында әсіресе, етті сырт елдерге экспорттаудың әлеуетін арттырудың маңыздылығын атап өтті. Біздің өңір бұл бағытта кешенді шаралар жүргізуде. Шетелден асыл тұқымды мал тасымалдау үшін инвесторларды тартып жатырмыз.

Осы мақсатта өңірімізге АҚШ “Херефорд” ассоциациясының президенті Грег Хаффхинес арнайы келіп отыр. Қауымдастық 1881 жылдан бері асыл тұқымды ірі қараны бағып-күтумен және оларды өзге елдерге саудалаумен айналысады. Тасымалдау шекарасы ауқымды тәжірибелі компания соңғы 2 жылда Қазақстанмен әріптестік орнатыпты.

Грег Хаффхинес,  “Херефорд” ассоциациясының президенті, АҚШ:
– Өткен жылы ғана “Даму” кәсіпкерлікті дамыту қоры арқылы Қазақстанға жеткізілген 15 мың асыл тұқымды тайыншалардың 13 мыңы біздің үлесімізде. 2015 жылға дейін 72 мың бас әкелу межеленген. Біз құжаттарды рәсімдеуден бастап, соңғы нүктесі қойылғанша шығарып саламыз. Онымен қатар әр төлдің экономикалық тиімділігін алдын-ала есептеп, кепілдік береміз.

Тасымалды есепке алмағанда 7 айлық тайыншаның құны 2 -2,5 мың долларды құрайды. Аталығы жылына 5 мыңға дейін тұқым бере алады екен. Сондай-ақ қауымдастық мамандарды қайта даярлап оқыту қызметін де ұсынып отыр. Кездесуге сондай-ақ америкалық “Бренд” компаниясының вице-президенті Стейси Энтони қатысты. Мейман жергілікті агроқұрылымдарға әлемдік танымал брендке айналған “Джондир” маркасымен шығатын ауылшаруашылық техникасын ұсынды.

Стейси Энтони, “Бренд” компаниясының вице-президенті, АҚШ:
Әлемнің 18 еліне егістік техникасының түр-түрін шығарамыз. Бүгінде компания паркінде 3 мың заманауи дән, дәрі сепкіш, астық оруға арналған 3 мыңнан артық кешен бар. Таңдау көп. Бағасы әр дәрежедегі шаруашылықтың қалтасы көтерерліктей. Шамамен 30 -100 мың долларға дейін. Бізге тозығы жеткен ескі техникаларын берсе, әлдеқайда арзанға түседі. Тапсырысты ғаламтор арқылы да жасауға болады.

Өңірде соңғы 10 жылда танап басындағы техника 12 мың бірлікке жаңартылыпты. Оның 2 мыңын бірнеше істі қатар орындай алатын жоғары өнімді кешендер құрайды. Десе де дені сыр бере бастады. Техникаға тәуелді диқандар науқан уақытында жарамай қалған егістік көлігін жөндеуге жиірек мәжбүр бола бастапты. Сондықтан облыс әкімі Серік Біләлов шетелдік компания өкілдеріне Солтүстік Қазақстан базасында сервистік орталық құру жобасын ұсынды.

Серік Біләлов, СҚО әкімі:
– Сервистік орталықта “Джондир” фирмасының 95 жылдан бері шығарылған техникасы сатылады.
Сондай-ақ, шетелден қосалқы саймандар күтпей осы арада жөнделеді. Бұл аграрлық өңірімізге өте тиімді. Уақыт күттірмейтін науқанда техниканың тұрып қалуы үлкен тежеу болады.   

Ұсыныс шетелдіктердің қолдауын тапты. “Бренд” компаниясының вице-президенті Стейси Энтони бұл бағытта әріптестік орнатуға дәмелі екенін жеткізді. Жергілікті шаруашылық жетекшілері де бұл жаңалықты қуана қабылдап, жобаның өміршең болатынын айтты.

Владимир Чубыкин, “КазАгроСервис” ЖШС директоры:
Біздің нарыққа кірсеңіз – қателеспейсіздер. Жөндеуді қажет ететін техника жетерлік. «Джондир» қашан да өзгелерден бір саты жоғары тұрады. Сондықтан тапсырыс болады. Біздің жұмыс та тоқтамайды, сіздер де табыс көресіздер. Қысқа уақыттың ішінде жөндеудің мүмкіндігі туса, біршама мәселеміз артта қалады.

Заман талабына сай техниканы мемлекеттің қолдауымен лизингке алу жолдары да қарастырылып отыр.

Жеңіс Ермұқанов