Аптадағы маңызды жаңалықтар

“Сыбағаның” шаруаларға берері мол



 

“Жанбай” ЖШС 2009 жылдан жергілікті қара малды асылдандыруды қолға алыпты. Бастамасын оң жолға қоя білген Анатолий Коральчук  қазақтың 48 ақ бас сиырының санын бүгінде 350-ге жеткізді. Оның 140-ы биылғы бұзаулар. Мақсатына жетуге мемлекеттің қолдауы да үлкен сеп болған.

Анатолий Коральчук, “Жанбай” ЖШС директоры:
2011 жылы “Сыбаға” бағдарламасымен  қазақтың 104ақ бас сиырын алдым. 25 млн теңгеге рәсімдеген несиені тек 2013 жылы  өтей бастаймын. Жылдық үстеме ақысы 6 пайыз. Тайыншалардың өзін кепілдікке алады. Ауылдағы басты табыс көзі мал. Сондықтан ауылдықтарға өте тиімді жоба.

Күн жылысымен зеңгі баба төлдері жайылымға жіберілді. Қыста сәл жүдеп қалған торпақтар күн ұзаққа шұрайлы өңіріміздің сөлді шөбімен қоректеніп біраз күй қосып алыпты. Жоғары өнімді мал  250-350 келіге дейін ет береді екен. Серіктестік басшысы бұнымен тоқталмай асыл тұқымды шетелдік төлдерді бағып  көрмекші.

Анатолий Коральчук, “Жанбай” ЖШС директоры:
-“ҚазАгроФинанс”АҚ арқылы 327 млн теңге несие рәсімдеп, Даниядан 400 бас ангус тұқымдастарын әкелуді жоспарлап отырмын.
Құжаттар дайын. Шетелге шығып, келіссөз жүргіздік. Алдағы айда алғашқы легі жеткізіледі. Күзге дейін толықтай тасымалданады. Мемлекет тарапынан жасалған бұл мүмкіндікті де қалт жібермеу керек. Аянбай еңбек етсек жұмыс істеуге болады.

Шетелдік етті тайыншаларға үстіміздегі айдың соңынан кешен салынады. Мал қыстап шығатын қоралардың құрылысы қазан айында тәмамдалмақ. Несиенің бір бөлігіне Анатолий Коральчук жоғары өнімді жем-шөп әзірлейтін техника сатып аламын дейді. Иелігіндегі 3 мың Га егістік алқабының 1 мыңына жемазық себілген.

 Василий Перкин, “Жанбай” ЖШС меңгерушісі:
 –Жем-шөп базасы толық. Мал азығы жөнінен қам жемейміз. Өткен жылғы мол өнімнен артылғаны биылға да жетіп болады. Шетелден тағы мал келеді. Жаңа техника келеді. Шаруашылықтағы сиырлардың салмақ қосып дұрыс жетілуіне бар жағдайлар қарастырылған.  

Жер өңдеумен қатар мал шаруашылығын дамытып жүрген серіктестікте бүгінде 40 адам жұмысқа тартылған. Негізінен екі қолға бір күрек таба алмай жүрген ауылдықтар. Виктор Целых серіктестікте “Жұмыспен қамту-2020” бағдарламасы аясында келген. Қазір бақташы болып еңбек етіп жүр.

Виктор Целых, “Жанбай” ЖШС бақташысы:
Жұмысым өзіме ұнайды. Асыл тұқымды мал болғанымен ерекше күтімді талап етпейді. Солтүстіктің қатал ауа райына жақсы бейімделген. Таң ата жайылымға айдап шығып, кеш бата қамаймыз. Түк қиындығы жоқ. Жалақысы да жаман емес.  

Анатолий Коральчук биыл мал басы қосылатындықтан бағдарлама аясында тағы 11 жұмысшы алуды көздейді. Ауылдықтар жаңа мал кешенінің құрылысына да жұмылдырылмақ. Серіктестіктің бұған қоса жылқылары мен 400 бас шошқасы бар. Қамбар ата төлдері мен талпақ танаудың санын да арттыру көзделуде.

Жеңіс Ермұқанов