Бизнес және экономика

Нан комбинаты жабдықтарын жаңартуда

 

 

 

Мұнда тәулігіне 30 тоннаға жуық нан-тоқаш өнімдері шығарылып, әр үйдің дастарқанына жеткізіледі. Комбинаттың басты мақтанышы – бірінші сұрыпты нан. Оның сапасы өзге өнім өндірушілердікіне қарағанда әлдеқайда жоғары дейді комбинаттың бас технологы. Өнім сұранысқа ие. Сондықтан комбинат дүкен сөрелеріне қойылатын нанға «П» әрпін белгілейді екен. Жексенбі күні тұрғындар осындай нанды дүкендерден таба алмай қалған еді. Оған жаңа құрылғылар себеп.

Гульфия Шарипова, «Нанинвесткондитер» ЖШС бас технологы:
– Қазіргі таңда нан пісіретін жаңа құрылғы тексерістен өткізілуде. Соған байланысты электроника зақымдалып, демалыс күндері дүкендерде нанның жетіспеушілігі байқалды. Дегенмен, екінші күні мәселе тұрақталды. Қазір нан қажетті көлемде шығарылып жатыр.
 

Комбинатта технологияны жаңартуға ерекше көңіл бөлінеді. 2 жыл ішінде 4 млн АҚШ долларынан астам сомаға европалық құрылғы сатып алыныпты.Бұл құрылғылардың арқасында бидай салғаннан бастап, дайын өнім шығарылғанға дейінгі барлық жұмыс автоматтандырылған. 

Вячеслав Неделько, «Нанинвесткондитер» ЖШС директоры:
– Автоматтандырылған жүйе қажетті технологияның сақталуын қамтамасыз етеді. Сондықтан біз осындай жаңашылдыққа бет бұрып отырмыз. Алдағы уақытта тағы да басқа жаңа құрылғылар алмақпыз. Олар экологияға зиянды заттардың бөлінуіне тосқауыл болады.

Сондай-ақ кәсіпорын европалық және ресейлік технологтармен қоян-қолтық жұмыс істеуде. Мысалы, германдық маман Хельмут Энгелберц 2 жыл бойы жергілікті наубайшылармен өз тәжірибесін бөлісіп келеді.

Хельмут Энгелберц:

-Біздің цех тәжірибе ретінде ашылып отыр. Мұнда қатпарланған нандар мен тәтті бәліштер әзірлейміз. Цехта 5-6 адам жұмыс істеудеміз. Өнімдерімізге сұраныс зор.  

Нан-тоқаш комбинаты жақын арада тұрғындарды нан өнімдерінің жаңа түрлерімен қуантпақ.

Инеш Шоқақова