Қан тапсыруға ниетті адамдар орталыққа таңертеңнен келе бастады. Жасы және қызметіне қарамай ниет білдіргендердің қатары қалың. Олардың ұйымшылдықтары мен белсенділіктері танылып-ақ тұр. Облыстық жастар мәслихатының төрағасы Владимир Витченко осы шара барысында науқастарға 10 литрден астам қан тапсыруды жоспарлап отырмыз дейді.
Владимир Витченко, облыстық жастар мәслихатының төрағасы:
– Ең бастысы мұндай акциялар жастарды салауатты өмір сүруге шақырады.Өйткені, мысалға қан тапсырар кезде үш күн бойы дұрыс тамақтанып, шылым мен ішімдікті, дәрілерді мүлдем қолданбау керек. Ағза неше түрлі улы заттардан таза болғаны аса маңызды.
Ересек адамның бойында орташа есеппен алғанда 5 литрге жуық қан айналады екен. Оның кішкене бөлігін науқас адамға беру – игі іс болып танылады. Бұл өзгеге үлгі, өзіңізге де пайдалы.
Асқар Хабибулин, қалалық ішкі саясат бөлімінің бастығы:
-Ойланбастан қан тапсыруға келдім. Біреудің өмірін сақтап қалуға септігі тиіп жатса, қуанышты болар едім.
Қанға деген сұраныс соңғы уақытта жоғарылап кетті дейді орталық қызметкерелері. Донорлар да тапшы.
Әрине, қан қоры бар. Дегенмен де, тілек білдіргендер тағы да табылып жатса нұр үстіне нұр.
Светлана Күмекова, дәрігер – трансфузиолог:
-Әрбіреуінен 450 мл қан алынады. Одан кейін адамның бойындағы жасушалар қалпына келеді, эритроциттердің бөлінуі күшейеді. Яғни ағза жасарады. Зат алмасуы жақсарып, жоғары қан қысымы түсуі мүмкін.
Игі шара алдағы уақытта өз жалғасын таппақ.
Данаш Хамзина