Көлік және жолдар

Жолдар жөнделуде

 

“Петропавл-Жезқазған” тас жолының бойымен қатынаушыларға әзірге трассаның бір бөлігімен ғана жүруге тура келеді.  Жолдың екінші бөлігі  15 жыл бойы жөндеу көрмепті. Әбден тозған қарсы бағыттың 62 шақырымына жаңадан асфальт төселіп жатыр. Көлік иелері игі іс үшін сәл қолайсыздық түк еместігін айтады.

– Жылдан-жылға жолдар жақсарып келеді. Жөнделгені дұрыс қой . Күнде осы араман жүреміз.
-Жолдың сапасы тым нашар. Сәл төзіп, есесіне жақсы трассамен жүретін боламыз.

Орташа жөндеу бағдарламасына енген республикалық маңызы бар жолдың 45 шақырымы Қызылжар ауданын басып өтеді. Бүгінде 38 км жаңартылып үлгерді. Қалпына келтіру жұмыстары “Дорожно-строительный трест СК” серіктесітігіне тапсырылған. Мердігер негізгі шаруаларға мамырдың 1-нен кірісіп кетіпті.

Владимир Опрышко, “Дорожно-строительный трест СК” ЖШС прорабы:
Жолды орташа жөндеуге 2 бригада жұмылдырылды. Арнайы автогрейдер, жол тегістегіш, жүк көліктері жеткілікті. Жұмыс күші бар. Жаңа жол төсеуге қажетті шикізат, жанар-май толық.   

Үш айдан соң белгіленген аумақта теп-тегіс төселген тас жол халықтың игілігіне тапсырылмақ. Әзірге бар шаруа жоспарға сай өтуде. Есіл және Ғ. Мүсрепов аудандарымен өтетін бөлікте   600 млн. теңгенің тапсырысы қыркүйек айында тәмамдалады деп сендірді құрылысшылар. Жалпы биыл өңірімізді өзге аймақтармен байланыстыратын 130 шақырымнан артық республикалық трасса жаңартылмақ. Бұған ел қазынасынан 3,4 млрд. теңге қаржы бағытталған. Мамндардың айтуларынша, “Астана-Петропавл” транзиттік коридорының 3 учаскісін жаңартуға 2 млрд. теңге бөлінді. Айыртау ауданындағы көпір мен 3 құбырды күрделі жөндеуге 426 млн. теңге құйылды. Облыс арқылы өтетін 1387 шақырымды құрайтын республикалық маңызы бар жолдарды қалпында ұстап тұруға 350 млн. теңге бағытталды.  Бұл ауқымды жұмыс 2013 жылы толық аяқталатын болады.

Жеңіс Ермұқанов