Білім

ҰБТ аяқталды

 

 

Ұлттық Бірыңғай Тестілеудің қорытындысы бойынша солтүстікқазақстандық түлектер өткен жылғымен салыстырғанда шамамен 10 балға төмен нәтиже көрсеткен. Барлығы 127 “Алтын белгіге” үміткердің 34-і өз білімін дәлелдеп, деңгейін растады. Бұл жолы тестілеудің барысын облыста құрылған Білім саласындағы бақылау департаментінің қызметкерлері бірінші рет қадағалады. Олардың айтуынша тестілеу барысы ойдағыдай өтті.

Ерлан Әбілдинов, СҚО білім саласындағы бақылау департаментінің директоры:

 -Он бір жыл бойы оқып, білім қуған балаға аудиторияға шпаргалкамен, ұялы телефонмен кіргеннің кері әсері тимеуі керек. Әділдікті сақтау үшін біздің қызметкерлер барлық пунттерде болды. Ереже бұзған жастардың да бағын байлаған жоқпыз. Оларға түсіністікпен қарап, тиым салынған заттарын жай ғана алып қойдық.

Бақылау департаментінің мәліметі бойынша бірінші апелляция кезінде қалалықтардан барлығы 124 өтініш  түскен.  
  Сәуле Кереева,  СҚО білім саласындағы бақылау департаменті бөлімінің бас маманы:

– Өзім болған М.Жұмабаев атындағы ауданда апелляция барысында 2 мектеп түлегі арызданған болатын. Екеуіне де бір-бірден балл қосылды.

Ұлттық Бірыңғай Тестілеудің екінші легінде 1 237 түлек сынақ тапсырды. Оның 285-і  50 ұпай жинай алмай,  емтиханнан құлады деуге болады. Орташа балл 78,15 маңайында, ал аудандар арасында  Аққайың ауданының түлектері  орташа 73,87 ұпай жинап, жақсы нәтиже көрсетті.

Данаш Хамзина