Спорт

Кикбоксшылар 7 медаль алып келді

 

 

Нұржан Серіктің кикбоксингпен айналысып жүргеніне бірнеше жыл. Ол Тараз қаласында өткен додада 45 келі салмақ дәрежесінде 3 рет шаршы алаңға шыққан. Жартылай финалда өз жерлесімен қолғап түйістіріп, жеңіске жеткен. Былтыр ол Шымкент қаласында өткен Қазақстан біріншілігінде үздік үштікті тұйықтады.

Нұржан Серік, алтын алқа иегері:

– Кикбоксингпен 3 жыл айналысып жүрмін. Қазақстан біріншілігіне 2-ші рет қатысып отырмын. Біріншіде 3-ші орын алғанмын, бұл жолы 1-ші орын алуға тырыстым.

Ел біріншілігінде Болат Жасұзақ та өңір намысын қорғаған. Ол шаршы алаңда 4 жекпе-жек өткізген. 3-уінде қарсыласын тізе бүктірген. Жалпы спортшы 2 жыл ішінде 40-тан астам кездесу өткізіпті.

 Болат Жасұзақ, күміс алқа иегері:

– Менің бірінші қарсыласым Ақтөбе қаласынан болды, ал екіншісі Шығыс Қазақстан облысынан, ал үшінші қарсыласым Тараз қаласынан болды. Ақтық сында жерлесім Нұржан Серікпен шығып, ұтылып қалдым.

Өңірімізден барған 11 спортшының 7-еуі жеңіске жеткен. Осылайша жалпыкомандалыққа есепте жерлестеріміз 4 орынға тұрақтады.

 Дастан Қабденов, күрестен БЖСМ жаттықтырушысы:

– Тараз қаласында біздің шәкірттеріміз жақсы нәтиже  көрсетті. Қоржынымызда 2 алтын, 1 күміс, 4 қола медаль бар.

Спортшылар енді алда өтетін жарыстарға дайындалуда.

Әсел Күшенғалиева