Энергетика

Энергетиктер ауқымды жөндеу жұмыстарын жоспарлап отыр

 

 

Он екінші энергия тарату пункті облыс орталығындағы бірқатар маңызды нысандарды электр қуатымен қамтамасыз етеді. Бұл – облыстық ересектер және балалар ауруханалары, қан орталығы, жол полициясы басқармасы, СҚМУ және Ойқаладан Мир көшесіне дейінгі аудан. Осынша үлкен аумақты электр энергиясымен жабдықтайтын бекеттегі қондырғылар  жетпісінші жылдары орнатылыпты. Кез келген уақытта істен шығуы да ықтимал. Сондықтан биыл инвестициялық бағдарлама аясында қондырғыларды модернизациялау көзделіп отыр. Бұл мақсатқа 77 млн. теңге жұмсалмақ. Жалпы үстіміздегі жылы өңірді электр қуатымен жабдықтаушы кәсіпорын жөндеу жұмыстарына 705 млн. теңге бағыттамақшы.

Виталий Фесько, «СК РЭК» АҚ бас инженері:
Негізгі инвестиция облыс орталығын энергиямен жабдықтауды жақсартуға жұмсалады. 13 электр энергиясын тарату пункті, 10 станция және осынша трансформатор қалпына келтіріледі. Мұнымен қатар Жұмысшы кенті мен Вокзал маңы аудандарындағы желілер ауыстырылады. Бұған қоса 15 шақырым кабельдік желі жаңартылады. Бұл апаттық жағдайдың орын алу қаупі мен шығынды қысқартуға мүмкіндік береді.

Аудандарда да ауқымды жұмыс жоспарланған. М.Жұмабаев ауданында электр желілері ауыстырылады. Мұнымен қатар Қиялы және Сібір подстансаларындағы қондырғылардың бір бөлігі жөнделмек. Сөйтіп жеті ауданды электр қуатымен жабдықтау біршама жақсарады дейді энергетиктер. Өткен жылы инвестициялық бағдарлама аясында кәсіпорын жөндеу жұмыстарына 688 млн. теңге жұмсаған. Жаңа қондырғылар энергия шығынын азайтып қана қоймай, қосымша нысандарды қосуға мүмкіндік беріп отыр.

Нелли Бабакехян, ҚР табиғи монополияларды реттеу Агенттігінің СҚО бойынша департаменті директорының орынбасары:
Құзырлы орган табиғи монополия субъектілерінің инвестициялық міндеттерін орындауын бақылайды. «СК РЭК» кәсіпорнының 2010-2011 жылдардағы инвестициялық бағдарламасы 1 млрд. 344 млн. теңгені құрады. Ал 2012-2013 жылдары модернизациялауға 1 млрд. 418 млн. теңге бағыттауды көздеп отыр. Бұл 5 пайызға артық.

Тағы бір маңызды жайт – 2013 жылдан елімізде салыстырмалы сараптама әдісі бойынша тариф қалыптасыруға көшу межеленіп отыр. Бұл жағдай өндірісті модернизациялауға мол инвестиция құятын монополистер үшін қолайлы. Өйткені, тиімді жұмыс жасайтындардың өз тарифтерін бекітуге мүмкіндіктері үлкен болмақ.

Айымгүл Әбілева