Аптадағы маңызды жаңалықтар

Армия Әбілқайыровтың мерейтойы

 

 

 

Армия Әбілқайыров еңбек жолын 1967 жылы Көкшетау облысы Чистополье ауданының ауыл шаруашылығы бөлімінде бастапты. Жас маман алғашқыда өсімдіктерді қорғау жөніндегі агроном болып еңбектенген. 18 жылын партиялық қызметке арнапты. Өзін белсенді, жауапты, ісін жетік меңгерген маман ретінде көрсете білген Армия Әбілқайырұлы кейін Айыртау ауданының әкімі болып тағайындалған. Бұдан соң ол облыстық ауыл шаруашылығы департаментінің бастығы, облыс әкімінің кеңесшісі лауазымында болыпты. Мерейтой иесінің өңіріміздің дамуына қосқан қомақты үлесін Серік Біләлов атап өтті.

Серік Біләлов, СҚО әкімі:
Құрметті азаматтар, ардақты ағайын! Бүгін өңірімізге белгілі азамат Армия Әбілқайырұлы 70 жасқа толып отыр. Осы елде туып, білім алған мерейтой иесін облыс халқы атынан құттықтағым келеді.

Армия Әбілқайырұлы мемлекеттің дамып, өркендеуіне қосқан үлесі үшін «Парасат», «Құрмет белгісі» ордендеріне ие болған. Мерейтой күнінде олардың қатары Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың алғыс хаты және облыс әкімінің құрмет грамотасымен толыға түсті. Еңбек жолында мерейтой иесіне әрдайым сенімді, ұйымшыл ұжымдар кездескен екен. Кезінде бірге қызмет атқарған әріптестері мен дос-жарандары да Армия Әбілқайырұлына өз лебіздерін білдірді.

Сейілбек Махметов, облыстық мәслихат депутаты:
Бүгін біздің аудан үшін қуанышты күн. Армия Әбілқайырұлының еңбегі зор.

Құдайберген Қалиев, еңбек ардагері:
Мерейтой иесі өмірде біраз белестерді бағындырды. Алдағы уақытта да зор табыс, мол бақыт тілеймін.

Мерейтой иесі көрсетілген құрметке ризашылығын жеткізді.

Армия Әбілқайыров, еңбек ардагері:
Өзімнің зор алғысымды білдіргім келеді. Мен өте бақытты адаммын. Бүгінгі қуанышымды бөлісуге келгендеріңіз үшін алғыс айтамын.

Жиын соңында мерейтой иесі қуанышын бөлісуге келгендермен естелік суретке түсті.

Инеш Шоқақова