Мәдениет

Анна Вундердің концерті

 

 

 

Анна Вундер Қазақстаннның барлық қалаларын шарлап, өзінің даусымен көрермендерін таңқалдырып жүр. Петропавлдың төріндегі кешті әнші “Туған жерім”өлеңімен ашты. Анна Александровна орыс, неміс композиторларының туындыларымен қатар қазақ вальсінің королі Шәмші Қалдаяқовтың әндерін де орындады. Әнші репертуарында 60 жуық қазақ халық және қазіргі эстрада әндері бар. Сахна төрінде неміс келіні белгілі тележурналист Ақылбек Сансызбайұлы жазған “Мөлдір тамшылар” әнін бірінші рет орындап көрермендеріне сый жасады. Әншінің ұлты неміс болса да өзін қазақ елінің патриотымын деп санайды. Және ол мемлекеттік тілді насихаттаушы. ҚР Мәдениет қайраткері Анна Вундер – 3 баланың анасы. Отағасы Қаржаубай Тлеуқабылов сазгер, домбырашы және аздап өлең де оқиды. Балалары да сахнаға шығып жүр. Халық оларды жұлдызды отбасы деп атап кеткен екен. Анна Вундердің шәкірті Анар Асқар да кеште ән шырқады. Үш жылдан бері жас әнші ұлағатты ұстаздың тәлімін алып жатқанына риза. Әнші солтүстік өңірде Айыртау, Уалиханов, Ақжар, Тайынша, Есіл аудандарында жеке ән кешін өткізіпті. Енді ол Қостанай қаласына жол тартпақ.

 

Гүлбану Ахметова