Аптадағы маңызды жаңалықтар

Құбырлар жаңартылып жатыр


 

Бүгінде Интернационал және Амангелді көшелерінің қиылысында қызу жұмыс жүріп жатыр. Осы жердегі негізгі жылу магистралі ауыстырылуда. Мамандар бұл желінің жөндеуді көптен бері қажет етіп тұрғанын айтады. Бұл құбырлар кеңес дәуірінде сонау 1974 жылы төселген. Сөйтіп, бұл желінің тартылғанына отыз сегіз жыл болыпты. Осы уақытта көріп тұрғанымыздай, құбырды тот басып, әбден ескірген.
Енді тозығы жеткен құбырлар жаңаларына ауыстырылып жатыр. Бұл желінің ескі құбырдан артықшылығы – полипропиленмен қапталған. Яғни, жаңа құбыр әлдеқайда төзімді, ұзақ уақыт қызмет етеді, кемінде 35-40 жыл ауыстыруды қажет етпейді.   Әрі пенополиуритан жылуды жақсы сақтайды. Жөндеу жұмыстарына байланысты осы маңдағы тұрғын үйлер ыстық судан ажыратылған. «Петропавл жылу желілері» кәсіпорнындағылар бар шаруаны маусымның жиырмасына дейін аяқтаймыз деп отыр.

Андрей Калиничев, «Петропавл жылу желілері» ЖШС директоры:
-Бұл жерде кең ауқымды жұмыстар жүріп жатыр.
Жылу магистралінің екінші кезегі ауыстырылуда. 20 маусымда үйлерге ыстық су жібереміз. Тамыз айында желіні іске қосқанда аз уақытқа тағы ағытуға тура келеді.

Жаңа жылу құбырларының диаметрі бұрынғысынан үлкен,бұл өз кезегінде жылумен қамтамасыз етуді әлдеқайда жақсартпақ. Әрі сегізінші магистральге қосымша үйлерді қосуға мүмкіндік береді.

Әлібек Сағадиев, «СУ Энергострой» ЖШС директорының орынбасары:
-600 мм құбырларды 800 мм -ке ауыстырып жатырмыз.
Жаңа құбыр, жаңа технология. Бұл құбырлар судан қорықпайды. Гарантиясы 40 жыл. Жылу беру жақсарады.

Жалпы биылғы жылы облыс орталығында 13 шақырым жылу желісі ауыстырылмақ. Бұл мақсатқа 850 млн. теңгеге жуық қаржы жұмсалады.

Андрей Калиничев, «Петропавл жылу желілері» ЖШС директоры:
 Бүгінгі таңда қаладағы жылу желілерінің тозуы 80 пайыз шамасында. Олар ауыстыруды қажет етеді. Жылына 20 шақырымдай құбыр төсеу керек. Ескі магистральдердің жарылу қаупі зор. Әрі олардың жылу сақтау мүмкіндігі де төмен.

Бүгінде жөндеу шараларына байланысты облыс орталығындағы 100 үйдің тұрғындары ыстық сусыз отыр. Шілде айына дейін жоспарланған жұмыс аяқталып, су берілетін болады дейді мамандар.

Айымгүл Әбілева