Қоғам

Ерекше аспан құбылысы


 

Шолпан планетасының Күннің шартабағынан өтуі – өте сирек кездесетін астрономиялық құбылыс. Яғни Жер, Шолпан және Күн бір сызықтың бойына орналасып, жұртшылық күн дискісінің бойымен Шолпанның қара дағының жылжығанын бақылай алады. Бұл құбылысты жай көзбен көру мүмкін емес. Солтүстікқазақстандықтар Шолпанның жылжуын арнайы қондырғының көмегімен бақылады. Бұл ерекше құбылыс шамамен 6-7 сағатқа созылады. Айтқандай, осыдан 251 жыл бұрын маусымның алтысы Шолпанның жылжуын ғалым Михаил Ломоносов бақылап, сол кезде астрономияда үлкен жаңалық ашқан.

Андрей Солодовник, М.Қозыбаев атындағы СҚМУ астрономия кафедрасының доценті:
Осы құбылысты бақылаған ғалым Шолпан дискісінің өзгергенін байқаған. Планетаның айналасында жарқыраған шеңбер пайда болады. Осы жағдайдан Михаил Ломоносов Шолпанда атмосфера бар деген қорытындыға келеді. Бұл жаңалық кейін дәлелденді.  

Шолпанның Күн дискісінің бойымен жылжуы жұптасып өтеді екен. Әр құбылыстың аралығы сегіз жыл. Бұған дейін адамдар астрономиялық құбылысты 2004 жылы маусымның сегізі бақылаған. Өткен ғасырларда Шолпанның жылжуы 1874 және 1882 жылдары болса, ал келесі құбылыс 2117 және 2125 жылдары өтеді деп болжанып отыр.

Антон Сухинский, М.Қозыбаев атындағы СҚМУ студенті:
Өте ерекше құбылыс. Шолпан планетасының Күннің бойымен жылжығанын айырықша қызығушылықпен бақыладық. Бұл өте сирек кездесетін құбылыс. Келесісі 2117 жылы ғана болады. Сондықтан бізге осындай үлкен мүмкіндік туды. Әрі мен астрономия мамандығында оқып жатырмын. Өте пайдалы, әрі қызықты тәжірибе болды.

Сонымен қатар биыл тағы бірнеше аспан құбылысын бақылау мүмкіндігі тумақ. Жыл аяғында Жерге ең жарық кометалардың бірі жақындайды. Мұнымен қатар тамыз айында әдемі құбылыс жұлдыздар жауыны – Персеида метеор ағынын да тамашалауға болады.

Айымгүл Әбілева