Аптадағы маңызды жаңалықтар

Үкімет “Қолжетімді баспана-2020” мемлекеттік бағдарламасын бекітті

Маусымның бесі елімізде Алматы облысындағы «Арқанкерген» шекара бекетінде 15 адамның қаза болуына байланысты қаралы күн ретінде жарияланған. Селекторлық отырыс басталмас бұрын жиналғандар отандастарымызды бір минут үнсіздікпен еске алды. Кейін күн тәртібіндегі мәселелерді қарауға көшті. Ең алдымен жиында «Қолжетімді баспана-2020» бағдарламасы қаралды. Мемлекет басшысының тапсырмасымен әзірленген мемлекеттік бағдарлама төрт ай бойы сарапталып салмақталды. Біраз олқы тұстары жетілдіріліпті. Сөйтіп, бүгін әбден пісіп-жетілген ұлттық жобаны Үкімет бекітті. Ендігі уақытта елімізде кең ауқымды жұмыстар басталып кетпек. Ел азаматтарының тұрғын үй жағдайын жақсартуды көздейтін бағдарлама бірнеше бағытты қамтиды. Айталық 2015 жылға дейін «Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі» арқылы жылына 6,5 мың пәтер тапсыру межеленген. Жас отбасыларды баспанамен қамтамасыз етуге айырықша көңіл бөлініп отыр. Біздің облыста бұл бағытқа 660 млн. теңге қарастырылыпты. Жалпы бағдарламаны жүзеге асыруға 1 млрд. 100 млн. бөлінген. Ал пайдалануға берілетін үйлердің сапасы қалай бақыланбақ? Мұны да жобаны әзірлеген мүдделі органдар ескеріпті. Үйлерді екінші категориялы, кемінде бес жыл тәжірибесі бар құрылыс компаниялары салатын болады. Мұнымен қатар барлық өңірлерде арнайы зертханалар құрылып, мамандар құрылыс жұмыстарының сапасын бақыламақ.
Жиында сондай-ақ «100 мектеп, 100 аурухана» және «350 дәрігерлік амбулатория , фельдшерлік-акушерлік пункт» бағдарламаларының жүзеге асырылуы да талқыланды. Селекторлық байланыс үзілгеннен кейін облыс әкімі жауапты органдар жетекшілеріне тиісті тапсырмалар берді.

Серік Біләлов, СҚО әкімі:
-Бағдарламалардың жүзеге асырылуын қатаң бақылауға алу қажет. “Қолжетімді баспана” жобасы бойынша ауқымды жұмыс жоспарланған. Жер телімдерін бөлу, инфрақұрылым тарту мәселелеріне үлкен көңіл бөлу керек. “100 аурухана” бағдарламасы бойынша 6 нысан салу көзделген еді. Төртеуін тапсырдық. Өзге жұмыс жоспар бойынша жүріп жатыр. Мұнымен қатар 18 дәрігерлік амбулатория мен фельдшерлік-акушерлік пункт пайдалануға беріледі.

Айымгүл Әбілева