Білім

Солтүстік Қазақстан облысында ҰБТ басталды

 

 

Ең басты тест қабылдау пункті М. Қозыбаев атындағы СҚМУ-нде орналасқан. Мұнда бүгін 1965 бала жиналған. Оларды қолдауға ата-ана, туған-туыс, мұғалімдері келген. Гүлнәр Тайжанова қызын ойлап қатты толқып тұр. Тұңғышы болған соң, мұндайды әлі сезініп көрмепті.

Гүлнәр Тайжанова,  түлектің анасы:

 – Қобалжып тұрмын.Қарлығаш деген қызым тест тапсырғалы жатыр. Аудиториядан шыққанша күтемін.

Биыл барлығы 127 «Алтын белгіге» үміткер өз деңгейін ақтап шығуы тиіс. Ә.Досмұхамбетов атындағы облыстық дарынды балаларға мамандандырылған гимназия-интернатының түлегі Ерболат Нұрманғалиев үшін бұл үлкен сын. Ол да «Алтын белгіден» үмітті.

Ерболат Нұрманғалиев,  “Алтын белгіге” үміткер:

-Мен ҰБТ-е 9-сыныптан бастап дайындалдым. Дайындығым жақсы. «Алтын белгіге» қол жеткіземін деп ойлаймын. Жоғары ұпай алатыныма сенімдімін.

Ал  №20 қазақ орта мектебінің түлегі Ерболат Жүзенов сынақтан сүрінбей өтетініне сенімді. Ол мектепті жақсы аяқтаған.

Ерболат Жүзенов, түлек:

– Дайындығымыз мол. Мұғалімдеріміз бізге көп күш жұмсады, жігерлендірді.Мектеп басшысы уайымдамаңдар, бәрі де жақсы болады деді.Соған сенімдімін.Мен өзім қобалжып тұрған жоқпын.

Биылғы Ұлттық Бірыңғай Тестілеуге былтырғымен салыстырғанда сынақтың сапасын жақсарту мақсатында бірқатар өзгерістер енгізілген.

Балшекер Бақтыбаева, облыстық білім басқармасының бас маманы:

– Барлық пункттерде камералар және ұялы байланысты өшіретін құралдар орнатылған. Апелляцияның уақыты бір сағатқа ұзартылды.Мемлекеттік комиссияның құрамы 5 адамға дейін кемітілді.

Бұл білім талас-тартысында бақ та, бап та қоса шабады. Жолы болғыш жастарға оңай сұрақтар кездессе, енді бірі тек өз біліміне ғана сенеді.

Бәрі де жақсы өтті. Еңбегім зая кеткен жоқ. Оқыған сұрақтарым келді.
Қазақстан тарихына қатысты оқыған сұрақтарым өте аз болды. Жоқ деуге де болады.

 
Тестілеудің қорытындысы түстен кейін белгілі болады. Нәтижесімен келіспеген студенттер ертең түскі 2-ге дейін апелляциялық комиссияға арыздана алады.

Данаш Хамзина