Қоғам

“Менің туым” патриоттық эстафетасы

 

 

“Менің туым” патриоттық акциясына қатысушылар эстафетаның өздеріне жетуін асыға күтті. Салтанатты түрде мемлекеттік ту табысталған соң, акция 100-ден астам адам қатысқан шеруге ұласты. Оны қала тұрғындары мен ардагерлер бастады.

Таңат Сүгірбаев, «Асыл мұра» орталығының жетекшісі:
-Біздің мемлекеттік рәміздеріміздің тарихы бай. Оларсыз елімізді елестету мүмкін емес.

Тәуелсіздік стеласынан бастап орталық алаңға дейін мемлекеттік тумен түрлі салада қызмет ететін азаматтар жүріп өтуі тиіс. Бұл күні облыс орталығының көшелерінде қолдарында көк туды желбіреткен мемлекеттік бағдарламалардың қатысушыларын, зауыт және ауыл шаруашылығы кәсіпорындары мен құқық қорғау органдарының қызметкерлерін көруге болды. Шеруден спортшылар мен жастар ұйымдары да шет қалмады. Қала көшелерінің әрбір қиылысында олар бір-біріне ені 5, ұзындығы 10 метр мемлекеттік туды табыстады. Тәуелсіз елдің туын желбіретіп, елтаңбасын биік ұстап, әнұранын асқақтататын жастарды патриоттық рухта тәрбиелеуде мұндай іс-шаралардың маңызы зор болса керек.

Нұрсаят Сәркен, «Әлеуметтік жобалар» қоғамдық жастар қорының мүшесі:
– Шеруге студенттер де, аға буын өкілдері де қатысады. Бәрін қамтуға тырыстық. Сонысымен қызықты болады деп ойлаймын.

Тәуелсіздік тұмары болып саналатын мемлекеттік рәміздерді құрметтеп, қастерлеу – әр азаматтың міндеті. Бұл күн тәртібінен түспеуі тиіс. Алайда бүгінгі  мемлекеттік рәміздеріміздің қабылданғанына 20 жыл толуы мерекесінде елтаңбамыз, әнұранымыз бен туымызға көрсетілетін құрмет ерекше.

-Біз ұстаздар осындай шеруге қатысу арқылы жас ұрпаққа үлгі-өнеге көрсетпекпіз.
-Мен балабақшада жұмыс істеймін.Әрдайым бүлдіршіндерге мемлекеттік рәміздер туралы айтамыз.

Шеру соңында облыстық Қазақстан халқы ассамблеясының мүшелері мемлекеттік туды Петропавл жоғарғы әскери институтының курсанттарына табыс етті. Бұдан соң желбіреген көк туымыз сахнаға көтерілді.

Инеш Шоқақова